Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы саласының мамандарына арналған «Алтын күз – 2025» мерекелік іс-шарасы өтті. Аудан әкімі Мадияр Оразалиев осы салада аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатар азаматтарды марапаттады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп, бұл салаға ерекше мән беріп келеді. Сондықтан өнімділікті арттыру және жаңа технологияларды енгізу бағытында Қытай, Түркия және Австралия мемлекеттерінің оң тәжірибелерін қолдануымыз тиіс. Табиғаты қолайлы, еңбек күші мол ауданымызда бұл саланы дамытуға барлық жағдай бар. Заман талабына сай өрлеу үшін ауқымды жоспарлар түзіп, биік межелер белгілеп отырмыз. Алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2,2 есеге арттыруға күш саламыз, – деді аудан әкімі.
Іс-шара барысында ауыл шаруашылығы саласында Сайрам ауданы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен ауылдық округтер марапатталды. Атап айтсақ, I орын – Қарабұлақ ауылдық округі, II орын – Қарасу ауылдық округі және III орын – Манкент ауылдық округі иеленді.
Сондай-ақ аудандағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері «Озаттар», Құрмет грамоталары және «Үздіктер» номинациялары бойынша марапатталды. Марапаттау рәсімінен кейін арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушыларға көтеріңкі мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, ауданда 9 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Бұл облыстық көрсеткіштің 10 пайызын құрайды. Облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің 12 пайызы Сайрам ауданында өндіріледі. Өткен жылы 10 айда 124,5 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 136,5 млрд теңгеге жетті. «AGRO FEST – 2025» іс-шарасында аудан «Қайта өңдеу бағытын дамытуда озат аудан» деп танылды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 7,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артты. Тамақ өндірісіне 9,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге жоғары.
Жалпы, Сайрам ауданының ауыл шаруашылығында көрсетілген жетістіктер мен нақты көрсеткіштер өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясының нәтижелі екенін көрсетеді. Ауданның ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбегі еленіп, мемлекет тарапынан қолдаулар мен марапаттар үздіксіз жалғасуда. Бұл өз кезегінде, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жаңа жобалар мен технологияларды енгізуге, сондай-ақ кәсіби біліктілікті арттыруға ықпал етеді.
Аудан әкімі Мадияр Оразалиевтің атап өткендей, ауыл шаруашылығының дамуы – тек экономиканың негізгі салаларының бірі ғана емес, ол өңірдің әлеуметтік жағдайын жақсартуда да маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын цифрландыру мен инновациялық технологияларды енгізу басты мақсаттардың бірі болып отыр. Жаңа жүйелер мен әдістер арқылы өнімділікті арттыру, экологиялық таза өнімдер өндірісін қамтамасыз ету мақсатында Сайрам ауданы түрлі халықаралық тәжірибелерді де ескеріп, өз даму бағытын айқындап отыр.
Алдағы жылдарда ауыл шаруашылығының өнім көлемін арттыруға бағытталған жоспарлар өз жемісін беретініне сенім мол. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін адамдардың кәсіби деңгейін арттыру, ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлік пен инвестицияларды ынталандыру арқылы ауданның экономикалық әлеуетін тағы да нығайту көзделуде. Осы орайда, облыс әкімдігі мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен іске асырылып жатқан түрлі бағдарламалар мен жобалар ауданның агроөнеркәсіп кешенінің дамуына ықпал етіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізуде. Құрылып жатқан жаңа агроқұрылымдар мен өндірістік кәсіпорындар аудан тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын ашып, ауылдық жерлерде өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
