Соңғы жаңалықтар

Әп-сәтте ақшасыз қалуыңыз мүмкін – алаяқтар жаңа айлаға көшті

Azatmedia.kz. Бүгінде халықты интернет арқылы алдайтын алаяқтар көбейді. Ішкі істер министрілігі осы алаяқтықтың кеңінен таралған түрлері туралы ақпарат таратты, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Омарбековтың айтуынша, интернет-алаяқтықтың кеңінен тараған түрі – жарнама сайттары арқылы алдау. Тауар немесе қызметке қатысты хабарландыру жарияланып, төмен бағалар қойылады. Оған сенген адамдар өз ақшасын бірден аудара салады. 

«Алаяқтар алдын ала төлемді, тіпті, ақшаның жартысын аударып беруді сұрайды. Төлем жасалғаннан кейін бөтен адамдардың атына ашылған есепшоттар арқылы ақша ұрланады. Бірақ оны білдіртпей істейді. Алаяқтар алдымен уақыт созып, тауардың келе жатқанын, я болмаса, басқа елде кідіріп қалғанын айтады. Артынан телефонын өшіріп тастайды», – деді Омарбеков апталық онлайн брифингте.

Жақында осы сияқты алаяқтық жасаған топ ұсталды. Олар дәл сондай жолмен автобөлшектерді сатып, ондаған адамды алдап кеткен. 

«Жарнама сайттары арқылы жасалатын тағы бір алаяқтық бар. Ондайда алаяқ хабарландыруды орналастырған адамға хабарласады да, тауардың алдын ала төлемін жасап береміз дейді. Бірақ ол үшін жарнама берушінің жеке мәліметтері керек деп айтады. Сөйтіп, барлық жеке мәліметін сұрап алады. Аңқау адамдар ақшаны тезірек аламыз деп, бәрін айтып қояды. Артынан өз атына кредиттің қалай рәсімделгенін білмей қалады», – деп атап көрсетті Омарбеков.

Банк қызметкері ретінде адамдарға қоңырау шалатын алаяқтар да бар. Олар клиенттің картасы арқылы күдікті операцияның жасалғанын айтып, оны бұғаттау үшін CVC-кодты сұрап алады. Сөйтіп, интернет-банкинг арқылы барлық ақшаны үптеп кетеді. 

«Интернет-алаяқтықтың тағы бір түрі – «сыйлық тарату». Ол кезде алаяқтар адамдарға қоңырау шалып, олардың қымбат сыйлық ұтып алғанын айтады. Сосын оны жеткізу үшін ақы сұрады. Аңқау адамдар тағы өзінің жеке мәліметтерін айтып қояды да, барлық ақшасынан айырылады», – дейді Омарбеков.

Қатысты жаңалықтар

Түркістан: Жол жөндеу жұмыстары жоғары деңгейде жүріп жатыр

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА ЖИЫН ӨТТІ

azatmedia

Шымкентте тоқ соғып, күйік шалған қыздың оқиғасына қатысты тың дерек жарияланды

azatmedia

Пікір қалдыру