Қазақстан Республикасында «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Оқу-жаттығуды үйлестіру республикалық штабы Шымкент қаласында орналасқан. Бұл оқу-жаттығудың негізгі мақсаты — төтенше жағдайларға даярлықты арттыру, оның ішінде жер сілкінісінің салдарын жою, апаттар кезінде жедел көмек көрсету және арнайы операцияларды жүргізу дағдыларын жетілдіру.
«Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына Төтенше жағдайлар министрлігінің 52859, 28237 және 68303 әскери бөлімдерінен, сондай-ақ Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттерінен, Денсаулық сақтау және Қорғаныс министрліктерінен, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің Апат медицинасы орталығынан 269 адам мен 90 бірлік техника жұмылдырылды. Бұл жаттығуға қатысушылар төтенше жағдайлардың салдарын жою және тұрғындарды қорғау іс-қимылдарын пысықтады.
Оқу-жаттығу барысында жедел топтар шартты жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылды. Апат медицинасы орталығы мен Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары дала госпиталін орналастырып, шартты зардап шеккендерге алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсету іс-қимылдарын пысықтады. Бұл кезеңнің негізгі мақсаты — апаттық жағдайларда жылдам әрекет ету, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету және жағдайды тұрақтандыру.
Оқу-жаттығудың бірінші күні Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камалов жедел топтардың уақытша орналасу ауданын аралап, олардың дайындығын тексерді. Кейін жедел топтардың басшыларынан шартты жойқын жер сілкінісінің салдары, төтенше жағдайларды жою үшін күштер мен құралдардың дайындығы туралы есептері тыңдалды. Баяндамашылар өз бағыттары бойынша қабылданған шешімдер мен жүргізілген іс-шаралар туралы баяндады. Маңызды жаттығуға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов та қатысты.
Оқу-жаттығу барысында вице-министр Рамиль Камалов Шымкент мұнай өңдеу зауыты — «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-ға барды. Кездесу барысында жаңа технологияларды енгізу, персоналдың біліктілігін арттыру және төтенше жағдайлар кезінде іс-қимылдарды оңтайландыру мәселелері талқыланды. Іс-шара соңында кәсіпорын күштері мен құралдарының төтенше жағдайларға дайындығын көрсеткен тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өткізілді. Бұл практикалық жаттығулар төтенше жағдайларға дайындықты одан әрі жетілдіруге және өндірістік нысандардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.
«Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы — бұл еліміздің төтенше жағдайлар қызметі мен қауіпсіздік жүйесінің жоғары деңгейдегі дайындықты қамтамасыз ету мақсатында өткізілетін маңызды шара, ол апаттарға қарсы іс-қимылдарды пысықтап, әрбір қатысушы тараптың тиімді әрекет ету дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.