Бүгін Түлкібас ауданы әкімдігінде еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға сүбелі үлес қосып жүрген көпбалалы аналар «Алтын» және «Күміс» алқалармен марапатталды. Бұл салтанатты шара көпбалалы аналардың қоғамдағы рөлін және олардың өз отбасыларына көрсеткен қамқорлығын жоғары бағалау мақсатында ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Ербол Орманов қатысып, алтын құрсақты аналарды құттықтап, құрмет көрсетті. Ербол Орманов өз сөзінде, еліміздің болашағы үшін көпбалалы отбасылардың маңызы ерекше екенін айтып, қоғамның әрбір мүшесінің еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға қосатын үлесінің маңызды екенін атап өтті.
Ауданда жыл сайын көпбалалы аналардың қатары артып келеді. Атап айтқанда, аудан көлемінде 825 алтын алқа, 1788 күміс алқа иегерлері тұрады. Бұл көрсеткіштер өңірдің әлеуметтік жағдайының жақсарып, көпбалалы отбасылардың қолдау тапқанын көрсетеді.
Бүгін 18 аяулы анаға «Алтын» және «Күміс» алқа табысталды. Бұл марапаттар аналардың отбасындағы, қоғамдағы рөлін жоғары бағалап, олардың қажырлы еңбегін айрықша атап өту үшін берілді. Көпбалалы аналар қоғамның берік іргетасын қалаушылар және олар өздерінің құрметті еңбектерін лайықты түрде алға жылжытқан азаматтар болып табылады.