Сауран ауданында ауыл шаруашылығына бағытталған ауқымды инвестициялық жоба іске асуда. Бабайқорған ауылдық округінде 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы мен қайта өңдеу кешенінің құрылысы белсенді түрде жүріп жатыр. Бұл жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып, толық іске қосылған кезде өңірдің ет өндіру мен өңдеу саласындағы әлеуетін айтарлықтай арттыратын болады. Жобаның жүзеге асуы өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына зор үлес қосады және аймақтағы ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Жоба жалпы 20 гектар аумақты қамтиды, оның ішінде бордақылау алаңы, мал сою, ет өңдеу және қоймалау кешені салынады. Бұл кешен жоғары сапалы ет өнімдерін өндірудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Жоба құны 3,02 млрд теңгені құрайды. Құрылыстың бірінші кезеңі 2025 жылы басталып, толық іске қосу мерзімі 2026 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған. Жобаның толық іске асуы аймақтағы еңбек нарығына оң әсер етеді, оның ішінде 60-қа жуық тұрақты жұмыс орны ашылады, бұл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл тек ауыл шаруашылығының табыстылығын арттыруға ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс нысанына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Жобаның маңыздылығына тоқталған аудан басшысы бұл кешеннің іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашатынын, сондай-ақ ауданның азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық мүмкіндіктерін арттыратынын атап өтті. Бұл кешен іске қосылған соң, Сауран ауданы ет өнімдерін өндіріп, қайта өңдеп, дайын күйінде ішкі және сыртқы нарыққа ұсынатын әлеуетті орталыққа айналмақ. Ет өнеркәсібінің дамуы ауданды азық-түлікпен қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне көтереді, бұл өз кезегінде облыс көлеміндегі агроөнеркәсіп кешенінің дамуына ықпал етеді.