Түркістан облысында 2024 жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім 4,5 трлн. теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 108%-ды құрады. Өзіндік кірістердің жалпы өңірлік өнім ішіндегі үлесі 4,9% болды. Өзіндік кірістерді арттыру мәселесі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне өндіріс орындарын ашу, өзіндік кірістерді ұлғайту, салықтық түсімді көбейту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
Мәжілісте Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек пен Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мақсат Нұрахаев өз есептерін ұсынды.
Облыстың 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін бекітілген жергілікті бюджет бойынша салықтық түсімдердің жоспары 106 млрд. теңге болғанымен, нақты түскені 121,4 млрд. теңгеге жетіп, жоспардың орындалуы 114,6% құрады. Бұл көрсеткіштің өсу қарқыны 132,3% немесе 29,6 млрд. теңге өскендігін көрсетеді. Әкімшілендіру жұмыстарының нәтижесінде Түркістан облысы салықтық түсімдер бойынша республика көлемінде 1 орынға шықты.
Дегенмен, салық саласында әлі де шешілмеген мәселелер бар. Мәжілісте осы мәселелер ашық айтылды. Мысалы, жекеменшік балабақшалар саны мемлекеттік балабақшалардан бірнеше есе көп болса да, олардың салықтары бірдей көлемде болып отыр. Сонымен қатар, Төлеби және Сарыағаш аудандарында демалыс орындары көп болғанымен, салық түсімі артпаған. Бұл мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, келесі кезеңде шешімдер қабылданатыны атап өтілді.
Өңір басшысы бұл мәселелерге назар аударып, оларды шешу үшін тиісті жұмыстарды жандандыруды және салықтық әкімшілендіруді жетілдіруді тапсырды. Салықтық түсімдерді арттыру және өзіндік кірістерді ұлғайту Түркістан облысының экономикалық дамуына және бюджет қаржысының тұрақтылығына маңызды әсер ететін фактор екені атап өтілді.