Созақ ауданындағы Қыземшек кентінде балалар инфрақұрылымын дамыту бағытында тағы да екі жаңа ойын алаңшасы ашылды. Бұл алаңшалар Шұғыла көшесі мен екінші шағын ауданнан салынды. Ашылу рәсіміне кент әкімі Марс Әбіл қатысып, тұрғындарды жаңа нысандардың ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, кенттің қариялары ізгі тілектерін айтып, алғыстарын білдірді. Шара барысында балаларға балмұздақтар үлестіріліп, аниматорлар бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл жобалар балаларға арналған демалыс пен ойын алаңдарын көптеп құруды мақсат еткен бастамалардың бір бөлігі.
Биыл Қыземшек кентінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін 1-ші шағынаудандағы 23-үйдің алдында тағы бір балалар ойын алаңы салынды. Сондай-ақ, Таңбалытас көшесіндегі кіші футбол алаңының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл алаңшалар тек балалар үшін ғана емес, жалпы тұрғындардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында кент аумағына 7 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар, көше бойларындағы жарық бағаналары безендіріліп, орталық саябақта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 1 020 шаршы метр жерге аяқжол төселіп, қоршаулар жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстар кенттің инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
2025 жылы Қыземшек кентінде 9 балалар алаңы мен воркаут алаңы, сондай-ақ 2 кіші футбол алаңы салынады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта кенттегі мектепке апаратын жол бойына веложол мен жаяу жүргіншілер жолы төселеді. Сонымен қатар, мектеп маңы мен Геологтар, Жастар, Жетіқоңыр көшелері қиылыстарына жалпы көлемі 612 шаршы метр болатын аяқжол салу жұмыстары жүргізіледі. Бұл инфрақұрылымдық жаңғыртулар жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен ықпал етеді.
Жарықтандыру жұмыстары бойынша да бірқатар жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, атауы жоқ айналма жол (0,8 км), Сарыарқа көшесі (0,6 км), Шұғыла көшесі (0,5 км) мен Тайқоңыр елді мекенінің Ақжайық көшесіне (1,0 км) көше шамдарын орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, құрылыс жұмыстары жақын арада басталмақ.
Тайқоңыр елді мекенінде футбол алаңшасын салу және қоқыс контейнерлерін орнату жобалары да жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, әкімдік ауласын абаттандыру, көгалдандыру және көше атауларын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл жұмыстар Қыземшек кентінің өмір сапасын арттырып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.