Ақпарат

ТҮРКІСТАНДА «ҚОҚЫССЫЗ ӨЗЕН: ЭКОЛОГИЯ, СПОРТ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК» АТТЫ ШАРА ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласында, нақты айтқанда Оранғай өзенінің маңында «Қоқыссыз өзен: экология, спорт және қауіпсіздік» тақырыбында экологиялық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл шараның мақсаты – аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту және су ресурстарын қорғау. Сенбілік барысында қатысушылар өзенді тазалау жұмыстарымен айналысып, қоршаған ортаның тазалығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында арнайы семинар-тренинг өткізілді. Бұл шара экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындарды табиғатқа ұқыптылықпен қарауға үндей отырып, суға түсуге тыйым салынған аймақтарда болатын оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.

Жиынға облыстық «Жастар ресурстық орталығының» КММ-нің директоры Ернар Бектаев қатысты және аталмыш шараның маңыздылығы туралы өз пікірін білдірді. Өз сөзінде ол экология мен қауіпсіздік мәселелерінің бүгінгі таңда қоғамда үлкен орын алып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысушыларға суға түсу кезіндегі қауіпсіздік ережелері мен алғашқы көмек көрсету бойынша арнайы оқыту сабақтарын өткізді. Бұл іс-шаралар жастарды қауіпсіздіктің негіздері мен төтенше жағдайлар кезінде қажетті қадамдарды білуге тәрбиеледі.

“Бүгінгі ұйымдастырылған «Қоқыссыз өзен: экология, спорт және қауіпсіздік» атты сенбілік – жастарды табиғатты қорғауға, су ресурстарына ұқыптылықпен қарауға және жазғы маусымдағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға үндейтін маңызды шара. Бұл шара экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, табиғатқа қамқорлық жасауға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, жастардың белсенді өмір салтына бейімделуі үшін де зор ықпалын тигізеді. Әсіресе, суға түсуге рұқсат етілмеген жерлердің қаншалықты қауіпті екендігіне жастардың назарын аударту – қазіргі уақытта өте өзекті мәселе. Жастар арасындағы осындай қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға мұндай шаралардың ықпалы зор болады. Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген мұндай экологиялық шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасуы керек деп есептеймін. Себебі қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың азаматтық борышы”, – деді Ернар Бектаев.

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биылғы жылы жұмыстардың көлемі әлдеқайда ұлғайтылды. Жоспарға сәйкес, аймақтың барлық елді мекендерінде сенбіліктер өткізіліп, облыс көлемінде «Үлгілі ауыл» байқаулары ұйымдастырылды. Бұл байқаулардың нәтижесінде үздік елді мекендер анықталып, олардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі мен экологиялық мәдениеті жоғары бағаланды. Одан бөлек, өңірде абаттандыру жұмыстары, нысандардың қасбеттерін жаңарту, жарықшамдар мен субұрқақтарды күтіп-ұстау және жол белгілерін ретке келтіру сияқты маңызды шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстар өңірдің көркін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және діни нысандардың тазалығы да ерекше назарда ұсталып келеді.

Қатысты жаңалықтар

ҰСТАЗДАРҒА СЕМИНАР ӨТТІ

azatmedia

БӘЙДІБЕКТЕ БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕСІ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ОРТАЛЫҚТАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

azatmedia

АРЫСТА ҚҰРЫЛЫС-ИНФРАҚҰРЫЛЫМ САЛАСЫ ДАМУДА

azatmedia