Түлкібас ауданына қарасты елді мекендер жаңа футбол алаңшаларымен толықты. Бұл бастама ауданның жастар саясатын дамыту, дене шынықтыру және бұқаралық спортты насихаттау бағытында қолға алынды. Аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев 5 мыңға жуық тұрғыны бар Жаскешу және екі жүзден астам тұрғыны бар Жанұзақ ауылдарына арнайы барып, жаңадан салынған футбол алаңшаларының ашылу салтанатына қатысты. Ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту және жастарды спортқа баулу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға жергілікті билік ерекше назар аударып отыр.
Жас жеткіншектердің салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа бейімделуіне ықпал ету мақсатында салынған заманауи алаңшалардың лентасын аудан басшысы Асқар Сұлтанұлы мен Жаскешу ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Қуанышбеков бастаған ауыл ардагерлері бірге қиды. Лентаны қию рәсімі жастар мен ауыл тұрғындары үшін маңызды оқиғаға айналды, себебі бұл алаңшалар жастардың физикалық белсенділігін арттыруға, олардың уақытын тиімді өткізулеріне үлкен мүмкіндік береді.
Жаңа нысандар – ауыл балаларына тек спортпен шұғылдануға ғана емес, қауіпсіз әрі пайдалы ортада уақыт өткізуге жасалған үлкен мүмкіндік. Ауылдық жерлерде балалардың денсаулығын нығайту, олардың білім мен тәрбие алуына ықпал ету үшін маңызды қадамдар жасалып отыр. Ауыл балалары енді талапқа сай алаңшада түрлі спорт түрлерімен айналыса алады, бұл олардың денсаулығын жақсартуға және спортқа деген қызығушылықтарын арттыруға септігін тигізетін болады.
Бұл бағыттағы жұмыстар аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Хамит Байысбаевтың бастамасымен жүзеге асып отыр. Хамит Байысбаевтың жеке кәсіпкер ретінде де ауданға қосып жатқан үлесі зор. Оның бастамасымен көптеген әлеуметтік жобалар іске асып, аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде Түлкібас ауданында бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Аудан әкімдігі спорт инфрақұрылымын дамытуға қажетті қаражат бөлуді жалғастыруда. Қазіргі таңда аудан аумағында 2 ірі стадион, 63 футбол алаңшасы және жекеменшікке тиесілі 3 футбол манежі жұмыс істеп тұр. Бұл инфрақұрылымдық жобалар аудан тұрғындарының спортпен шұғылдануына, денсаулығын нығайтуына, сондай-ақ спорттық жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңа алаңшалар мен стадиондар болашақта ауданның спорттық өміріне серпін береді, жастар арасында футбол мен басқа да спорт түрлеріне қызығушылық арттырады. Ауданның спорттық дамуы болашақта аудан тұрғындары үшін көптеген жағымды өзгерістерге алып келеді.