Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан, қалаларға жұмыс сапары жалғасуда. Бұл жолы Кентаудағы құрылыс алаңдары мен индустриалды аймақтарды аралап, олардың қазіргі жағдайы мен даму перспективасын талқылады. Одан кейін қала әкімдігінің ғимаратында актив отырысын өткізіп, Кентауды дамыту жолдарын қарастырды. Өңір басшысы бірқатар саладағы кемшіліктерге тоқталып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
– Қаладағы индустриалды аймақтың әлеуеті жоғары болғанымен, қазіргі таңда инвестор тарту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Инвестициялық жобаларды жандандырып, жаңа серіктестерді тарту қажеттілігі артып отыр. Бұл бағытта жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Жол картасы аясында биылға жоспарланған 10 жобаның 3-еуі ғана іске асырылып отыр. Бұл жобалардың уақытында жүзеге асырылмауы қаланың экономикалық даму қарқынын төмендетіп отыр. Реттеңіздер. Салалық басқармамен бірлесіп ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесін қайта пысықтап, тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырамын. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығында технологиялық жаңғырту мен инновациялық шешімдерді енгізу қажеттілігі айқын байқалады. Халықты табиғи газбен қамту бойынша да жұмысты жандандыру керек. Шұғыл арада газ нысандарының құжаттарын заңдастырып, тиісті мекеме теңгеріміне өткізіңіздер. Газбен қамту инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдау маңызды. Біз Кентауды дамытуда бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Бұл ретте әкімдікпен бірге депутаттардың да белсенділігі маңызды. Әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жобаларды қолдау арқылы қаланың тұрақты даму жолына көшуіне ықпал етуіміз керек. Инвестициялық жобаларды қолдауға белсенді араласып, өз округтеріңіз бойынша әлеуетті жобалар мен мүмкіндіктерді зерделеп, нақты ұсыныстар беріңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Ол қаладағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салалары бойынша нәтижелерді саралап, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар туралы да ақпарат берді. Басқарма басшылары өз салалары бойынша кездескен кемшіліктерге тоқталып, шешу жолдарын талқылады.
Нұралхан Көшеров басқарма басшылары мен қала әкіміне тиісті міндеттер жүктеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қала тазалығын күшейтуді тапсырды. Қалада қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдануы тиіс. Тапсырмалар хаттамаға енгізілді.
Айта кетейік, 6 айда Кентауда жалпы өнім көлемі 41,2 млрд. теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 113,5% өсім деңгейінде болды. 2025 жылдың 6 айдың қорытындысымен қалалық бюджет 9,4 млрд. теңгені құрады. Жеке табыстар жоспары 2,1 млрд. теңге болса, орындалуы – 2,4 млрд теңге немесе 111,6%. Бұл көрсеткіштер қаланың экономикалық тұрақтылығын және қаржылық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемінің жоспары 11,4 млрд.теңге болса, нақты орындалуы 12,3 млрд. теңгені құрап, өсімге қол жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 млрд. теңгеге өскен. Бұл өсім қаладағы өндірістік сектордың дамып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етуде.