Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек Сарыағаш ауданына арнайы іссапармен келді. Іссапар барысында халық қалаулылары аудан әкімі Арман Абдуллаевпен бірге бірқатар шаруа қожалықтарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Алдымен ауданға қарасты Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Бес қара» мал сою бекетіне барып, бекеттің иесі Мурат Абдибаевпен тілдесті. Мал сою бекеті өз жұмысын биыл бастап, тәулігіне 128 ірі қара және 600 ұсақ малдан етті өнімдер дайындап шығаруда. Аталған жобаның құны 1,2 млрд теңге. Өнідіріс орынында жергілікті 40 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Келесі кезекте сенаторлар Сарыағаш қаласындағы «Береке» жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Жылыжай иесі Дүйсенбек Жүсіп 2015 жылдан бастап егіншілікпен айналысады. Бүгінде 1,4 гектар аумаққа заманауи технолгияларды қолдана отырып көкөніс егіп, 200 тоннаға жуық өнім алуда.
Сапар барысында Сенат депутаттары жергілікті кәсіпкерлермен және шаруалармен кездесіп, бизнес жүргізу кезінде туындайтын өзекті мәселелерді талқылады. Депутаттар кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жөнінде ақпарат беріп, заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетуге дайын екендерін білдірді.