Төлеби ауданы әкімдігінің ашық кеңсесінде аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов «AMANAT» партиясы Төлеби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шырынбек Оңғаровпен бірге азаматтардың арыз-өтініштері бойынша онлайн-офлайн форматта қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында ауданның әлеуметтік мүмкіндіктерін ескерген бизнес саласының өкілдері инвестиция тарту бойынша жобаларымен таныстырып, аудан тұрғындары мемлекет қорынан берілетін тұрғын үй кезегі бойынша сұрақтарын қойды. Ауыз су, ағын су мәселесін сөз етіп, жер телімінде құжаттарында кеткен кемшіліктерге реттеуге қатысты сала мамандарынан кеңес алды. Ленгір қаласы І мөлтек аудан тұрғыны балалар ойын алаңшасын, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камерасын орнатуды өтінді. Қоқыс жәшіктерін ауыстырып беруді сұранып, құрылыс обьектісіне қатысты өздерін толғандарған мәселелерін көтерді.
Еркеғали Амантайұлы, тұрғындардың арыз- өтініштерін, ұсыныс – пікірлерін мұқият тыңдап, шешу жолдарын сала басшыларымен талқылап, оны бақылауына алатынын айтты. Барлығы заң аясында сараланып, тиісті жауаптары өтініш иелеріне жолданады. Қажет болған жағдайда арнайы талдаулар жүргізілетінін мәлімдеді. «Ашық әкімдік» кеңсесінде еркін форматтағы кездесулер жалғасады.