Ақпарат

АУЫЛДЫҢ БОЛАШАҒЫ – БІРЛІКТЕ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, Жібек Жолы ауыл округінің тұрғындарымен кездесті.

Ауқымды басқосуға «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Тимур Абдиев, Өңірлерді дамыту жобалық кеңсесінің Түркістан облысы бойынша менеджері Жандос Әзімбай, сондай-ақ партияның Сарыағаш аудандың филиалының жетекшілері Шермат Бегматұлы мен Құдірет Қыстаубаев қатысты.

Кездесу барысында тұрғындарға партияның стратегиялық жобаларының бірі – «Ауыл аманаты» бастамасының маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Филиал төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы бұл жоба – ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты құрал екенін атап өтті.

– «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесе отырып, екі жыл бұрын «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Аталған бағдарлама бүгінде ауыл тұрғындарының табысын арттырып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен серпін беруде. Түркістан облысы – халқының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратын өңір. Сондықтан бұл жобаның әлеуеті ерекше. Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі тірегі. Бұл салада кооперацияны дамыту арқылы өндірісті ұлғайтып, табысты арттыруға барлық мүмкіндік бар, – деді ол.

Сонымен қатар, жоба аясында жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру, бірлесе жұмыс істеу арқылы мемлекет тарапынан ұсынылатын қаржылай және техникалық қолдауға қол жеткізу жолдары түсіндірілді.

Өңірлерді дамыту жобалық кеңсесінің менеджері Жандос Әзімбай тұрғындарды кооперацияның артықшылықтарымен таныстырып, жобаны іске асырудың нақты механизмдері мен қолдаулар туралы кеңінен ақпарат берді:

– Ауылдың болашағы – бірлікте. Шағын шаруашылықтар бірігіп кооператив құрса, экономикалық әлеуеті артады. Олар «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз бизнес-жобаларын ұсынып, жеңілдетілген несие мен мемлекеттік субсидияларға қол жеткізе алады. Бұл өз кезегінде техникалық жетіспеушілік, шығынды жаба алмау сынды көптеген қиындықтардың алдын алуға көмектеседі, – деді ол.

Кездесу соңында ауыл тұрғындары жобаның бағыттары мен шарттарына қатысты сұрақтарын қойып, кеңес алды. Мұндай ақпараттық кездесулер өңірлерде әлі де жалғасын табады.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА БАЛАЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИ НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРУДЕ

azatmedia

«КҮМІС ДОМБЫРА»: АБАЙ КҮНІНЕ ОРАЙ АЙТЫС ӨТТІ

azatmedia