Ақпарат
АГЛОМЕРАЦИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңесті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, кеңес төрағасы Берік Бейсенғалиев жүргізіп отырды. Жиынның күн тәртібінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса өзекті тақырып – «Қазақстан Республикасындағы агломерациялардың проблемалық мәселелері» қаралды.

Кеңес жұмысына бейнебайланыс арқылы республиканың түрлі өңірлерінен кеңес мүшелері қосылды. Атап айтқанда, Түркістан облысынан кеңес құрамындағы облыстық мәслихаттың депутаты, облыстағы партия филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі кеңестің төрағасы Бақытжан Семанизов, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, сондай-ақ «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев қатысты.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков агломерациялық аймақтарда қалыптасқан түйткілді мәселелер бойынша жан-жақты баяндама жасап, еліміздегі ірі қалалар маңындағы урбанизация үдерістері, көші-қон, инфрақұрылым, тұрғын үй, әлеуметтік нысандардың тапшылығы және еңбек ресурстарының теңгерімсіздігі секілді проблемаларға тоқталды.

Одан кейін Астана, Алматы қалаларының және Ақмола мен Алматы облыстары әкімдерінің орынбасарлары өз өңірлерінде атқарылып жатқан жұмыстар мен шешімін күткен мәселелер бойынша сөз сөйледі. Олар тұрғындар санының өсуі, әлеуметтік инфрақұрылымның артта қалуы, көлік және инженерлік желілердің жүктемесі сияқты нақты түйткілдерді атап өтті.

Кеңес төрағасы Берік Бейсенғалиев жиынды қорытындылай келе, аталған мәселелерді жүйелі шешу үшін партия тарапынан бақылау мен мониторинг тұрақты түрде жүргізілетінін, ал ұсыныстар мен бастамалар алдағы уақытта заңнамалық деңгейде қаралатынын жеткізді.

«AMANAT» партиясы елді мекендердің теңгерімді дамуына, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды алдағы уақытта да қолдап, өз бақылауында ұстайды», – деді кеңес төрағасы.

Қатысты жаңалықтар

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ТРЕНИНГІ ӨТКIЗІЛУДЕ

azatmedia

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ БАСТАҒАН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚЫТАЙҒА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ

azatmedia

ШТАБ ӨКІЛДЕРІ-ОРДАБАСЫДА

azatmedia