Келес ауданында елді мекендердегі ішкі көшелерді жөндеу және көркейту жұмыстары жалғасып жатыр. Биылғы жоспарланған жол жөндеу жұмыстарының жалпы ұзындығы – 33,8 шақырымды құрайды. Бүгінде бірқатар елді мекендерде асфальт төсеу және жол негізін дайындау жұмыстары жүргізілуде.Атап айтқанда, Қошқарата ауылдық округіне қарасты Жамбыл елді мекенінде Ш.Тұрсынбаев көшесінің 2,6 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарды “Сарыағаш Сәулет” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда.Сонымен қатар, Қошқарата ауылдық округінің Алғабас, Жаңақоныс және Қарабура елді мекендеріндегі төрт ішкі көшеге шағал тас төселіп, асфальттауға дайындық жүргізілуде. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы – шамамен 11 шақырым.Жол сапасына “СК Құрылыс инжиниринг” және “Ұлттық жол активтері сапасы орталығы” мекемелері тұрақты түрде техникалық бақылау жүргізіп отыр.Бүгінде аудан аумағындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1172 шақырымды құрайды. Өткен жылы екі көше аудандық бюджет есебінен, ал 16 көше “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында жөнделіп, асфальтталған. Нәтижесінде, аудандағы көшелердің 61 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық күйге жетті.Биыл “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы арқылы тағы 21 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде Ошақты ауылдық округінің Қоңыртөбе, Береке елді мекендерінің 4 ішкі көшесіне және Жүзімдік ауылдық округі Жүзімдік елді мекенінің 11 ішкі көшесіне шағал тас төселіп, асфальттауға дайындық жүргізілуде. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы – шамамен 17,7 шақырымды құрайды. Осы аталған көшелер асфальтталған жағдайда аудандағы ішкі көшелердің жағдайы 65 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық күйге жететін болады.Сонымен қатар, Абай ауылындағы Жамбыл, Асан Қайғы, Б.Қырғызалиев, Төле би, Ә.Жылқышиев гүлзары мен Т.Рысқұлов көшесінің батыс бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Келесі жаңалық