Ақпарат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПАРТИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯҒА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСТЫ 

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде «AMANAT» партиясы апта сайын, тұрақты негізде «Таза бейсенбі» тазалық жүргізу бастамасын іске асырып жатқаны белгілі. Партия ұйытқы болған ізгілікті іс облысымыздың барлық аудан, қаласында жалғасын тауып, аманаттық өкілдер тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдырудың үлгі-өнегесін көрсетіп келеді.

Партия белсенділері қолға алған шараны тұрғындарымыз қолдап, тазалықты өмір салтына айналдыруда іргелі қадамдар жасалуда. Партияның Түркістан облыстық филиалы «Таза бейсенбі» науқанын жалғастыра отырып, әр аймақтың өзіндік келбетіне айналған айшықты жерлерін қоғамдық қамқорлыққа алуды мақсат етіп белгіледі. Бұл өз кезегінде, азаматтардың экологиялық мәдениетін жетілдірумен қатар, туған жеріміздің көрікті аймақтарын, өзен-көлдерінің жағалауларын, тарихи орындарды, көпшілік демалып, серуен құратын жерлерді, табиғи қорық аумақтарын көпшілікке таныстырып, олардың тазалығын сақтауға көпшіліктің назарын аударады.

Экожүйені сауықтыруға арналған кезекті басқосуымыз облыс орталығы – Түркістан қаласынан 30 шақырымдай қашықтықтағы Хантағы жартасы деп танылған демалыс аймағында өтті. Кентау қаласының іргесіндегі Қаратау мемлекеттік табиғи қорығына жататын аймаққа партия белсенділерімен қатар, Кентау қаласының әкімдігі мен мәслихатының жауапты өкілдері, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, жастар ұйымдарының белсенділері қатысты.

Партия өкілдерінің қатарын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатына Кентау қаласынан сайланған депутат Қалыйма Жантөреева бастап келсе, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов жергілікті атқарушы және өкілді органдардың қызметкерлерін, мекемелер мен ұйымдардың ұжымдарын, жергілікті жанашыр азаматтардың басын қосып, жұмылдырды, ортақ істің бел ортасынан табылды.

Қазыналы Қаратаудың етегін алып жатқан табиғи қорық – еліміздің жауһары десек те болады. Қазақстанда сирек кездесетін өсімдіктердің алуан түрі осы аймаққа ғана тән. Эндемикалық өсімдіктер жамылғысының көптігі бұл аймақты ботаникалық ғылым үшін қызықты әрі ерекше өлке деп белгілейді. Жойылу алдында тұрған Қаратау арқары да осы аймақтың баға жетпес қазынасы деп бағаланады.

Тау бөктерінде ежелгі тас, қола және темір дәуірлерінен қалған петроглифтер, ежелгі тұрақ орындары халқымыздың асыл тарихи-мәдени мұрасын құрайды. Аймақтың ерекше қыры ретінде Түйетас, Хантағы, Кемпіртас, тағы да басқа табиғи ғажайып тас мүсіндерін атап өтуге болады.

Осынау қазыналы жерге арнайы келіп, тау баурайының салқын самалының өтінде демалыс ұйымдастыратын тұрғындардың саны жыл санап еселеп артып келеді. Өкініштісі, табиғат аясына шыққан азаматтарымыз, табиғатқа деген жанашырлығын көрсете білмейді. Отырған орындарын ластап, қалдықтарын шашып, өзенге қоқыс тастайтын әдеттен арылмай келеді.

Партияның бастамасымен жүзеге асқан тазалық акциясына қатысушылар көз жауын алатын көркем аймақты күл-қоқыстан арылтты. Тау суының жағасын паналаған демалушыларды жалпыхалықтық экологиялық акцияға қолдау білдіруге шақырып, «Таза Қазақстанды» бірге жасауға үндеді. Көптің қолдауымен алынбайтын асу болмайтынын ескертіп, Қазақстанымызды көрікті мекенге, жер жұмағына айналдыруға жұмылуға шақырды. 

Қатысты жаңалықтар

3 күн бойы тек «Доширакпен» тамақтанған блогер желіні шулатты

azatmedia

Марқұм Айсұлтанның Facebook – желісіндегі соңғы ой бөлісуі

azatmedia

АУЫЛДЫҢ АЖАРЫН АШАТЫН НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ – ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫНДА

azatmedia