Партия филиалына тұрғындардан келіп түсетін өтініштердің көпшілігін сапалы электр қуатымен қамту, ауыз су жүйелерінің құрылысы, табиғи газ желілерін тарту мәселелерімен байланысты сұраныстарды қамтитыны белгілі. Сондай-ақ тұрғын үй қатынастары саласы мен коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты сауалдар да азаматтар білдіретін өтініштердің басым бөлігін құрайды. Бұл туралы бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдау барысында партия филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев мәлімдеді.
Қоғам сұранысына ие салалар бойынша жұртшылық базынасын тыңдауда партия филиалының алаңында өткен қоғамдық қабылдауда Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков облыс тұрғындарын қабылдап, сауалдарын тыңдады.
Басқарма басшысының қабылдауына Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылының бір топ ақсақалдары келіп, тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру мәселесін көтерді. Сондай-ақ ауыл көшелеріне «Ауыл – елі бесігі» бағдарламасы бойынша түнгі жарықшамдар қойылғанын айтып, алайда қазір жарық берілмей жатқанына алаңдаушылықтарын білдіріп, мәселелерінің оң шешім табуына көмек беруін өтінді.
Ауыл қариялары қойған сауалға жауап берген басқарма басшысы, тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту бүкіл республика бойынша қолға алынып жатқан кешенді жұмыс екенін атап өтті. Қолда бар мәлімет бойынша Ақбастау ауылында 20 бағана ауыстырылған, қалған бағаналар да кезең-кезеңімен жаңартылатын болады. «Электр бағаналары «Оңтүстік жарық» компаниясының теңгерімінде және олардың жай-күйін зерделеуде басқарма қызметкерлері ауылдарыңызға арнайы баратын болады, сіздермен байланысады», – деді Руслан Орынбекұлы.
Ауыл тұрғындары көтерген екінші мәселе бойынша түсінік берген басқарма басшысы, мердігер жүргізген жұмыстар сапасыз болғанын, аудан әкімдігі жауапсыздық танытқан мердігер компанияны сотқа бергенін атап өтті. Қазір сот шешімі шығып, мердігер ұйым сапасыз атқарған жұмыстарын мәжбүрлі түрде қайта қалпына келтіретінін мәлімдеді. Бұл мәселені де басқарма қызметкерлері зерделейтінін жеткізді.
Электр қуатымен байланысты өтініштерін Кентау қаласына қарасты Қарнақ елді мекенінен келген бір топ тұрғындар да білдірді. Азаматтардың айтынша, ауылдағы Ш.Қанайұлы мен Маклик көшелерінің қиылысықан аумағында жаңа трансформатор қойылғанын, бірақ бір жарым жылдан бері бұл жабдық іске қосылмай келеді екен. Ауылдағы 150-ге жуық үй басқа трансформатордан жарық алуға мәжбүр болып отырғандарын жеткізіп, электр қуатының сапасы төмен екенін білдірді. Бұл сауалға жауап берген басқарма басшысы, тапсырыс беруші мекеме Кентау қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі екенін айта отырып, мәселенің оңтайлы шешілуін қадағалауға алатынын жеткізді.
Жетісай қаласынан келген Илхам Жасұзақов көз жанарынан айрылған зағип жан екенін айта отырып, баспана алуға жәрдем көрсетуді сұрады. Азаматтарға үй беру мәселесі заң тәртібімен және кезек ретімен берілетіні түсіндірілді.
Бұл азамат сондай-ақ Жетісай ауданындағы Тұран ауылы, Ысқақов көшесінің 12 электр бағанасын жаңартуды және осы ауылға баратын бір жарым шақырым құрайтын жолға тас төсеп беруді өтінді. Бұл екі мәселе де Жетісай ауданы әкімінің назарына жеткізіліп, партияның облыстық филиалының бақылауына алынды.
Партия филиалына жеке базынасын айтып келген шымкенттік тұрғын Еркебұлан Мансариев жеңілдетілген тәртіппен Түркістан қаласынан үй алғанын, кейін жұмыс бабымен Алматы қаласына кеткенін айтып, бұл жөнінде тиісті органдарға хабарлама бергенін жеткізді. Дегенмен, тиісті мекемелер бұл азаматты үйді заңсыз алғандардың қатарына қосып, акт толтырған. Салдарынан қазір үй кезегіне тұра алмайтынына шағымданды. Басқарма басшысы бұл мәселені жеке бақылауына алып, зерделеу жұмыстарының атқарылуын қадағалайтынын айтты.
Басқарма басшысының қоғамдық қабылдауына онлайн форматта хабарласқан Сарыағаш ауданы, Жылға ауылдық округінің тұрғына Ерғали Танабаев Шәйхана елді мекенін табиғи газбен қамту және ауыл көшелеріне түнгі жарықшамдар орнату мәселесін көтерсе, осы ауданның Қабыланбек ауылдық округінің тұрғыны Медеубек Исаков Жанарық ауылында 2022 жылдан бастап ауыз су жүйелерінің құрылысы қолға алынғанын, құрылыстың басым бөлігі атқарылып, аяқталу сатысына жеткен кезде жұмыс баялап қалғанына алаңдаушылығын білдіріп, мердігер ұйымға қатысты шара көруді өтінді. Бұл мәселелер де басқарманың ерекше қадағалауына алынып, оң шешім табуы бойынша нақтылы жұмыстар жүргізілетін болды.
Қоғамдық қабылдаудың қорытындысын шығарған партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев азаматтар білдірген әрбір өтініш аманаттық өкілдердің жіті бақылауында болатынын айтты.
Келесі жаңалық