Ақпарат

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖӘНЕ «ЖЕР АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ПАРТИЯ НАЗАРЫНДА

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен Сарыағаш ауданында «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы таразыланған көшпелі жиын болып өтті. Партияның өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің төрағалығымен өткен мәжіліске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, партияның облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері, облыстық және жергілікті мемлекеттік орган басшылары, мәслихат депутаттары, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасын несиелендіруге жұмылдырылған қаржылық ұйымдардың өкілдері, партияның жауапты қызметкерлері қатысты.
Көшпелі жиынның мақсат-міндетін түсіндіріп өткен Алтынсары Дүйсенбекұлы, жайылымдық жер мәселесі өңіріміз үшін аса өзекті екенін айтты. «Партия көмегіне жүгінетін көптеген азаматтар ауылдарда мал өрісінің тарылғанына шағымдарын жеткізуде. Жайылымдық жерге байланысты тұрғындар сұраныстарын қамтуда қолда бар мүмкіндіктің бәрін қарастыруымыз қажет. Сондай-ақ ауыл адамының тұрмысын түзеуге бағдарланған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселесінде де бөлінген қаржыны игеру, қолдау тапқан жобаларға несиенің уақтылы берілмеуі мәселелері айқындалып келеді. Бүгінгі жиында өзекті деген осындай мәселелерді қарастырып, оңтайлы шешу жолдарын белгілеуіміз қажет», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетіне қарасты Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің, Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшылықтары, Қазығұрт, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімдері осы бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстардың есебін берді, жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын түйіндеді.
«Ауыл аманаты» бағдарламаларының өңірімізде жүзеге асырылу барысы туралы баяндаған Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов партиялық жобаның облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің макро-экономикалық көрсеткіштерінің тұрақты дамуына оңды әсерін тигізетінін, жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілгенін атап өтті. Өткен жылы бағдарламаны жүзеге асыруға Республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлініп, 3 256 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде, 3413 жаңа жұмыс орны құрылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 85 отбасынан 340 адамға қысқартылған. Шағын кәсіпкерлер саны 2 544-ке артып, 64,2 мың бас мал басы сатып алынған. 19 қайта өңдеу кәсіпорындары құрылып, 16,4 га алқапқа 328 жылыжайлар салынған. Нұрбек Бақтыбайұлы ауыл тұрғындарының табысы мен әл ауқатын арттыруда үлкен серпіліс берген бұл жобаға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту бойынша облыс әкімдігі тарапынан тиісті ұсыныстар жолданғанын жеткізді.
Мәжілісте Түркістан облысы жер ресурстарын басқару департаментінің Жер мониторингі, талдау және есепке алу бөлімінің басшысы Жамбыл Сапарбековтің, Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Марат Абуовтың «Жер аманаты» бағдарламарының облысымызда жүзеге асырылу барысы туралы баяндамалары тыңдалды. Облыстағы барлық жер қоры 11 млн. 610 мың гектарды құрайды. Өткен жылы жайылым тапшылығын азайту жұмыстарының нәтижесінде 2024 жылға жайылым тапшылығы 608,0 мың га құраған. Бүгінде жайылым тапшылығының өзектілігіне қарай аудан, қала кесіндісінде талдау жұмыстары жүргізіліп, ІІІ-топқа бөлінген. Жайылым қажет ететін аудандардың қатарына Сайрам, Мақтаарал, Жетісай, Ордабасы және., Созақ, Шардара, Отырар аудандары мен Түркістан, Арыс, Кентау қалалары еніп отыр.
Жиын барысында қатысушылар күн тәртібіне орай «Жер Аманаты» бағдарламасы аясында беікітілген жоспарды орындай алмай отырған аудан әкімдіктерін тыңдады. Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов, Шардара ауданы әкімінің орынбасары Сержан Ильясов аудандардағы «Жер Аманаты» бағдарламасы аясында қайтарылған жерлер туралы хабарлама жасап, жоспардың орындалмай отыру себептерін түсіндірді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Жер Аманаты» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды назарға алып, бақылауда ұстайтынын атап өтті. Сонымен бірге, Нұрбол Әбдісаттарұлы бүгінде ақпарат құралдарында айтылып жүргеніндей шетелдік инвесторларға жер сатылмайтынын еске салды. Қазіргі таңда қолданыстағы заң аясында жергілікті компаниялармен серіктес ретінде жұмыстардың атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Жиынға қатысушылар, комиссия мүшелері жауапты жергілікті билік өкілдеріне көкейдегі сауалдарын жолдап, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Жиынды қортындылаған Алтынсары Дүйсенбекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл жобаның жүзеге асуын, Үкімет пен партияға үлкен сеніммен тапсырып отырғандығын атап өтіп, айтылған ұсыныстар назарға алынып, тапсырманың орындалуы партия бақылауында болатынын жеткізді.

Қатысты жаңалықтар

AMANAT: КЕЛЕСТІК ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: САУРАНДА АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ

azatmedia

ЖЫЛДАҒЫ СЦЕНАРИЙ

azatmedia