Қоғам

«ШАҢЫРАҚ»: ЖҰМЫСЫНА АДАЛ ЖАН

«Тұран-Түркістан» телеарнасында қызмет еткен сол жылдары қаншама телеоператорларлармен қызметтес болдық. Мұнда жұмыс істеген біздің жігіттер сегіз қырлы, бір сырлы, әмбебап болатын. Хабарды түсіретін де, монтаж жасайтын да өздері. Хабарды түсіріп келіп, жедел түрде эфирге беретінбіз. Одан қала берді келесі күннің хабарын түннің жарымына дейін монтаж жасап, әзірлеп үйге қайтушы едік. «Ақпарат толқынын» да, сүйекті, ірі айдарлы хабарларды да дайындайтын санаулы оператор, санаулы журналист.

Кадрларды қазіргідей компьютермен реттеу қайда? Екі видео магнитофонмен әрбір суретті теріп, жинаудың азабы айтпаса да түсінікті. Ол кезде қазіргідей жеп-жеңіл штативтер мен телекамераны түсіңде де көрмейсің. Зілдей ауыр штативті көтеріп жүргенің. Кейде операторлар штативсіз жұмыс істеген жағдайда оны көтеріп жүру менің еншіме тиеді. «Панасоник» камераның салмағы да иықты жаншып кетердей ауыр. Сонда да, телевизия әлемінің адамды магнитше тартып, жібермей қоятын ерекше қасиеті бар. Бұл жұмыстан бас тартып кету қиын. Бұл салада өз ісіне көзсіз берілген адамдар жұмыс істейді. Ең алғаш телевидение есігін ашқан оператор-монтажёрлар Серік Есентаев, Женя Ақбердиев, Алексей Скорябкин, кейіннен творчестволық команданы толықтырған Ғани Пазылбек, Сұлтан Хажиметов, Атабек Омаров, марқұм Серік Қожабергенов, қазіргі ақпарат айдынында балықша жүзіп жүрген Нуритдин Искаков, қазіргі күнде «Түркістан» телеарнасындағы бейне инженер, біздер үйлену тойына барып, қуанышын бөліскен Әбдішүкір Талипов және бүгінгі менің мақаламның кейіпкері Антон Лещенко!

Осы сайдың тасындай іріктелген керемет жігіттермен көпшіліктің көзайымына айналған, қоғамдағы көкейтесті мәселелерді қозғаған қаншама хабарлар жасадық. Түсірілім барысында небір қызық оқиғалар да болатын еді. Жастықтың аты жастық. Қаншалықты тығыз кестемен жұмыс істегеннің өзінде ойын-күлкі, жарасымды әзіл- қалжыңымыз қалмайтын.

Бүгінгі әңгімем Антон туралы болғандықтан, ат басын соған қарай бұрайын. Түсірілімге шыққанда, Антонның ұлтына қарап, кейіпкерлеріміз орысша сөйлейді. Әсіресе, жасы келген кісілер қиналса да, Антонға орысша сөйлеп ойын түсіндірмек болып жатады. Сондайда, кейде «үндеме» деп Антонға ымдаймыз. Табиғатынан сабырлы, онсыз да көп сөйлемейтін Антон камерасын орнатып болып: «Аға, сіз мына диванға отырып, камераға қарап сөйлеңіз» -, деп қазақша сөйлегенде, «Айналайын- ау, бағанадан бері қазақша түсінемін деп айтпайсың ба?» деп шыр-пыры шығып қалады. Оның қазақ тілінде тап-таза сөйлегеніне әрі сүйсінеді. Әрі таңданады. Оған сасатын Антон ба? Жымияды да қояды. Біз күліп, мәз боламыз.

Қазір сол күндер есіме түссе, «Сол да күлкі болды ма?»- деп ойлаймын. Әр нәрсе өз уақытында деген осы екен-ау. Сондай-ақ, Антонмен жұмыс істеу өте жеңіл. Телевидение саласындағы әріптестерге аян, телехабардың жақсы шығуы, журналист пен диктордың өзін жайлы сезініп, өзін-өзі еркін ұстауы оператор, монтажёр, режиссёр, режиссёрдің ассистенті сияқты шығармашылық жұмыс тобының ауыз бірлігі мен ынтымағына, бір-бірімен тіл табысуына байланысты. Осы орайда да, Антонның сабырлы мінезінің маңызы арта түсетін сәттер көп еді. Өмір болған соң түрлі жағдай болады. Күнде шығып жүрген эфирде сөзіңнің басы бірікпей, «дубльді» көбейтіп жіберсең, ашуланбай: «Роза апай, сегодня не в духе», – деп сабырмен күтеді. Сондықтан да бүгінгі таңда әрбір сәт сайын «stand up» жасап жүрген әріптестерімнің шеберлігіне бас иемін.

Осылай күліп-ойнап жүріп, сүйікті Антонымыз бен Юлияның «Бәйтерек» тойханасында ерекше форматта өткен үйлену тойының да куәсі болдық. Одан Аня дүниеге келді деп бірге қуандық. Антон және Юлия Лещенколар отбасында дүниеге келген екінші еркетай қызымыз Ксения мен атұстар Кирилл де қуанышымызды еселей түсті. Өмірдің осындай кезеңдерінен, бел- белестерінен өте жүріп, бір туған бауырдай болып кеткенімізді де аңғармаппыз. Бұрын қызмет бабындағы Антонды білетін болсақ, енді отбасына тірек, анасына сүйеніш бола білетін қамқор, жүрегі жұмсақ, мейірімге толы, үй шаруасындағы ер азаматтың араласуын қажет ететін жұмысты тиянақты тындырып барып, сырттағы тірлікті қолға алатын, жауапкершілігі мол Антонды танып-білдік.

Оның достыққа адалдығы, сөзге беріктігі өз алдына бір төбе. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген мақалдың түбінде шындық бар. Бәрінен де, өмірдің қиын сәттеріндегі жақсылық естен әсте кетпейді. 2013-ші жылдың соңғы күнінде өмірлік жарым, көкшетаулық азамат Тоқтар Баймағанбетовтен қапыда айырылып, қайғы жұттық. Көкшеде, туған елінде жер қойнына тапсырып, асын өткізгеннен кейін Түркістандағы қайғымызға ортақтасқан төркін жұртыма дастархан жайғанда, қысқаша деректі фильм жасамақ болып, жолда келе жатып, Антонға хабарластым. Мән-жайды да, керек мәлімет- деректерді де телефонмен айтып, ертеңіне түсте дайын болуын өтіндім. Керек проекторды құдайы көршім, ұстаз Жаңыл Әнішқызы Орынбаева қамтамасыз етті де, фильмді бірнеше сағатта Антон дайындап әкелді. Сондағы фильмнің басталуы әлі күнге жүрегімді селт еткізеді. Әуен басталғанда ашық аспан көрінісі шығып, бірте-бірте жан-жақтан бұлт үйіріле бастайды да, экранның бұрышынан жұбайымның портреті қалқып ортаға шығады. Бейнебаянның әрбір кадры өте терең сезіммен таңдалып, жүректің қылын шертетін нәзіктікпен жинақталған. Фильмнің соңы да өте терең мағынамен аяқталған. Үлкен жолмен зиратқа бет түзеген қаралы топ ұзап барып, көздің ұшында көрінбей кетеді. Жүректің тамырын жұлқып-тартып тұрған әуенмен астасқан фильмге ешқандай сөздің де керегі жоқ еді. Көзімнің жасына тұншығып тұрсам да іштей: «Жарайсың, Антошым!» деп ойлап едім сол кезде.

Осындай ішкі жан-дүниесі таза, пенделік қулық-сұмдықтан ада, ақ көңіл, қанағатшыл ұл тәрбиелеп өсірген замандасым, салық саласы қызметінің ардагері Ольга Ивановна Лещенкоға алғыс сезімімді білдіргім келеді. Лещенколардың қонақжай дастарханынан қаншама рет дәм тата жүріп, сүйсінуден жалыққан емеспін. Әр барғанда Ольга Ивановна да, Юля келініміз де неше түрлі тағамдарды жайып салып: «Роз, попробуй этот холодец. Юля по особому рецепту приготовила», – деген кең пейіліне қалай риза болмассың! Киелі қаламыздағы толассыз өтіп жатқан іс-шараларды фотоаппаратына түсіріп, тынбай еңбек етіп жүрген Антонды көрген сайын туған бауырымды көргендей қуанамын. Отбасының амандығын сұрап қоямын. Ольга құрбыма дұғай-дұғай сәлем жолдаймын. Айтпақшы, бір жолы, Антонның үйіндегі Юлия келінімізбен бір таксиге отырып қалдым. Көліктен түсіп бара жатып: «Роза апай, мен сізге жолақы төлеп қойдым», деп еді, жүргізуші: «Ойбай, мына қыз қазақша біледі екен ғой. Күнімен тілімді бұрап орысша сөйлеп келе жатсам», – деп талып қала жаздады. Сөйтсе Юлия да: «Осы ауылдағы жалғыз орыспыз. Анда-санда орысша да естіп тұрайық та», – деп қазақы қалжыңға салып күліп жатыр. Тұла бойына халқымыздың құндылығын сіңірген, әулеттік тамыры тереңге кеткен менің Антон Лещенкодай жас досым, міне, осындай ізгі жүректі азамат. Ата-бабасы мекен еткен қасиетті қала олар үшін де қымбат. Ал, Антонның шығармашылық туындыларының бедерлі қолтаңбасы киелі қаламызда сайрап жатыр. 

Р.Нарымбетова,Түркістан қаласы 

Қатысты жаңалықтар

Қазақтардың намысына тиген фильмнің жалғасы шықпақ: «Борат-2» туындысының түсірілімі басталды

azatmedia

Талдықорғанда өзінен 11 жас кіші қызды қарата алмаған ер адам ұят әрекетке барды

azatmedia

Киелі орындарға саяхат: «Көктен ата» бұлағы

azatmedia