Ақпарат

Қазақстандағы қоғамдық келісім

Бірлік пен ынтымақ мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол бастайды. Бірліктің арқасында еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылыққа қол жеткізе білді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толып отыр. Осы қысқа ғана уақытта облыстың жаңа дәуірі басталды. Жүздеген нысан бой көтеріп, жаңара түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Түркістан облысында 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІ сессиясында Мемлекет Басшысы «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс» – деді.

Қазақстан –  небір қиындықты бастан кешірген мемлекет. Бірақ әрдайым ғасырлар көшінде жасап, гүлденіп, тағдырдың тартысымен арпалысып келеді. Соның нәтижесінде, тәуелсіздігін алып, бейбітшілікке қол жеткізді. Ал, оның негізі, түп-тамыры – xалықтың бірлігінде, татулығында, біртұтастығында.

Қазақ елінде татулығы жарасқан 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Олардың барлығының жүрегінде бір ел, бір арман, бір сенім және барлығы да Қазақстанмен байланысқан. Еліміздің шаңырағында алаңсыз өмір сүруіміз бірінші Жаратушының, екінші xалқымыздың еңбегінің жемісі.  Арманы мен мақсаты қиылысқан, кемел келешекке бір көзбен қараған, ынтымағы мен  бірлігі ұштасқан ұлттар болмаса, республикамыз мұнша жасамас еді. Әлем елдері қызғана да, қызыға да қарайтын мемлекетіміз көк аспанның астындағы бейбіт өмірінің тұғырын биік ұстауда.

Еліміз  тәуелсіздік алған тұста, мемлекетіміз үшін ең жауапты кезең  болды. Бүгінде тұрақтылықтың тұтқасына, бірлігіміздің бастауына, ұлттар арасындағы достықтың «алтын көпіріне» айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміз үшін маңызы зор. Тағдырдың жазуымен, ұлан-байтақ жерімізге  көптеген ұлт өкілдері жер аударып келіп, қоныстанды. Бүгінде олар қаны бөлек болғанымен, қазақ халқымен жаны бір, ұлты басқа болғанымен,  халқымызбен арманы ортақ біртұтас елге айналып отыр.

Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған, саясатымыз бен ата заңымыздың арқасында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі екендігі белгілі. Біздің елімізде әрбір ұлтқа деген қамқорлық шексіз. 18-ге толған азаматтар – тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамай сайлауға қатыса алады. Ата Заңымызда атап көрсетілгендей кез келген ұлт өкілдерінің құқықтары тең. Ата Заңымыздың бірінші бабының өзінде басты құндылық ретінде адам, оның өмірі мен еркіндігі атап көрсетілді. Адамды басты орынға қойған мемлекетімізде, адамға қамқорлық жасауда игілікті шаралардың жүзеге асырылып жатқанына куә болып жүрміз.

Жалпы елімізде халықтың тыныштығын алып, іріткі салуға қатысты барлық әрекетке тыйым салынған. Бұл туралы тіпті еліміздің Ата Заңында да анық көрсетілген. Онда «Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады», – делінген. Еліміздің бірлігі мен татулығы, ұлттар арасындағы достық әрқашан алдыңғы орында. Ал, бұл ауызбіршілікті сақтауда – Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жоғары екені айтпаса да түсінікті.

Қарапайым, сыйластық, үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып саналады. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің баға жетпес байлығы. Қазақстан тарихының едәуір бөлігі оны мекендейтін халықтардың этностық және мәдени өзара іс-қимылдарының – тарихы. Бұл ретте, Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыттардан жалғасын тауып, сабақтасып келеді.

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ адамзат үшін ең қымбат қазына – ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді – қастерлеп сақтай отырып, еркін дамуда. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі достықтың бай тәжірибесі ұлттық татулық пен келісімнің ғана халықтардың экономикалық теңдігі, саяси және мәдени дамуын, өзара достықты, ұлттық мүдделер мен ұлттық ерекшеліктерді, тілдердің бір-біріне деген құрметін қамтамасыз ете алатынын көрсетеді. Елбасының, мемлекетіміздің стратегиялық мақсаттарында ұлтаралық татулықтың, халықтардың өзара түсіністігі мен келісімін нығайта беру, оларды алдағы уақытта топтастырып, жарастыра беру айрықша орын алды. Бүгінгі күні қоғамымыздағы ауызбіршілік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынас соның нәтижесі деп айта аламыз. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел, халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан.

Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Бірыңғай экономикалық ке­ңіс­тік, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Экономикалық ынты­мақтастық пен даму ұйымы және басқа ірі халықаралық ұйымдарға мүше болуының ел тарихындағы маңызы зор.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұн­дай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» деп тіл мұраты жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырып келеді.

Қазақ­стан­­дағы қоғамдық келісім – ең ал­­ды­мен қазақтың келісімі еке­нін мықтап есте ұстаған абзал. Тату­­лық пен тұрақтылық ел иесі ре­тін­де ең алдымен қазаққа керек. Қа­зақ­тың ынтымағы мен бірлігі мық­т­ы болмайынша мемлекеттің тұтас­тық келбетін сақтау мүмкін емес. Халқымыз «тар жерде табыс­қан, кең жерде келіседі» демейтін бе еді?! Ең тар замандарда қазақ құ­ша­ғы­на алған өзге этнос өкіл­дері бүгінде өз бауырларымыз ата­нып, бізбен бір халыққа айналды.

Бақыт бағалай білгеннің басын­да тұрақтайды. Ең асыл қазы­на­мыз – бірлігімізді көздің қара­шығындай сақтай білсек, барлық асулардан асатынымыз анық. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосты. Тәуелсіздік кезеңіндегі табыс­тарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы.  Сондықтан бұл қастерлі құн­ды­­лықтар әрдайым айнымас те­мір­қазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауап­­кер­шілік пен белсенділік таныт­уы­ның нәтижесі. Еліміз­дің бар­лық аза­мат­тарына Қазақстанды дамы­ту­ға қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін» деген еді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет құрылымының жаңа кезеңінде конституциялық мәр­тебесі бар институт ретінде мем­лекеттік-ұлттық бірегейлік пен бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқаратын болады.

Ассамблеяның жинақтаған тәжірибесі, үкіметтік емес ұйым­дардың дамыған қоғамдық желісі азаматтардың барлық этностық топтар өкілдерінің әлеуметтік-мәдени, қоғамдық және білім беру процестеріне тартылуын ұл­ғай­туға мүмкіндік береді. Ассам­блея­­ның айналасында Қоғам­дық ке­лісім кеңестері, Аналар ке­ңес­тері, медиаторлар, ҚХА кә­сіп­кер­лері қауымдастығы, Ғылыми-сарап­шы­лық кеңес және өңір­лердегі ғы­лыми-сарапшылық топ­тар, жастар қозғалысы, масс-медиа, театрлар құрылып, табысты жұмыс істеуде.

Ұлттық біртұтастық принци­піне сүйенген Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақытқа дейін елді біртұтастыққа шақырудан жаңылған емес, әрі қарай да осы бағытта өз міндетін лайықты жал­ғастыра береді деген сенім мол.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТІК ЕРІКТІЛЕР ДӘРІГЕРЛЕРГЕ АЛҒЫС БІЛДІРДІ

azatmedia

ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСТЫ АЛДЫН АЛУ ТИІСТІ ТАЛАПТАРҒА САЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

azatmedia

Індет жұқтырған дәрігер әлі өтемақысын ала алмай жүр

azatmedia