Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген жол картасы бойынша 2025 жылға негізгі 10 индикаторлық көрсеткіштер жоспары бекітілген. Бұл жоспар еліміздің ауыл шаруашылығын дамытудағы басты бағыттарды белгілеп, сектордың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған жоспардың орындалу Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы жоспарды кешеуілдеткен аудан, қала әкімдерінің есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, осы салада 6 айда жалпы өнім көлемі 253,9 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,7 %-ды құрады. Негізгі капиталға инвестиция тарту 44,2 % орындалып, 103,8 млрд. теңгеге инвестиция тартылды. Салаға инвестициялар тартудың артып, өнім көлемінің өсуі өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады. 6 айда 82,3 млрд. теңге инвестиция тарту жоспары 1,3 есе артық орындалды. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 гектарға орналастырылып, жоспар 1,4 есе артық орындалды. Бұл жаңа технологиялардың енгізілуі су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Егіс алқаптарына ғылыми негізде 189,8 мың тонна тыңайтқыштар енгізу жоспары 109 % орындалды немесе 206,2 мың тонна тыңайтқыштар сатып алынды. Машина трактор паркін 6,5 % жаңалауды қамтамасыз ету бойынша 877 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Бұл техникаларды жаңарту егін шаруашылығын тиімді жүргізу үшін маңызды қадам болып табылады. Жалпы 2025 жылға 1649 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған. Техникаларды жаңалау үлесі 9,4 %-ға жетеді.
Шардара ауданында «Батырхан ата» ЖК-нің «2200 тонналық көкөніс сақтау қоймасы» жобасы жүзеге асырылды. Түлкібас ауданында «Кентау» ЖШС-нің «2000 тонналық көкөніс сақтау қоймасы», Сайрам ауданында «Shagyr Fruit» ЖШС-нің «2200 тонналық көкөніс сақтау қоймасы» жобалары жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарланған. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу бойынша өңірдегі инфрақұрылымды нығайтып, өнімдердің сақталуын қамтамасыз етеді.
Жалпы АӨК даму көрсеткіштерінің орындалуы бойынша басқарма тарапынан ай сайынғы рейтинг бағалау жұмыстары жүргізілуде. 6 айдың қортындысымен алғашқы үштікке Түлкібас, Созақ, Отырар аудандары орналасқан. Бұл аудандар көрсеткіштерді орындауда көшбасшы болып, ауыл шаруашылығын дамытуда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Көш соңындағы аудан, қала әкімдеріне тиісті ескерту беріліп, жұмысты ширату тапсырылды.
Айта кетейік, АӨК-тің инвестициялық жобалары бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, жалпы құны 227,5 млрд. теңгені құрайтын 60 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді (2252 жаңа жұмыс орны құрылады). Биылғы жартыжылдыққа 53,6 млрд. теңгеге 17 жоба іске асырылып, 726 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобалардың іске асуы облыстың экономикалық дамуына үлкен серпін беріп, ауыл шаруашылығына инвестиция тартуды арттырады. Жыл соңына дейін қалған 12 жоба (69,6 млрд. теңге) жүзеге асырылмақ. Бұл жобалардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі ұлғайып, жаңа жұмыс орындары ашылады.