Жаңалықтар

ТАЗА БОЛСА ТАБИҒАТ – АМАН БОЛАР АДАМЗАТ!

Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының түпкі мәні – отаншылдық рухты асқақ ету, табиғатты аялауға жетелейтін қоғамдық сананы қалыптастыру екені ақиқат. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет», – деген болатын.

«AMANAT» партиясы, Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде, орнықты экологиялық саясатты жүргізуге үндейтін осы бастаманы қолдап, апта сайын тұрақты негізде «Таза бейсенбі» науқанын өткізіп келеді. Партияластарымыз үшін әр бейсенбі тазалық күні болып жарияланып, оның аясында партияның әр өңірлеріндегі филиалдары, аудан, қалалардағы партиялық құрылымдар, бастауыш ұйымдар күш біріктіріп, байтағымыздың ең ластанған деген географиялық нүктелерінде тазалық жүргізуді қолға алды. Бұған дейін төрт жолдың торабы түйіскен Түркістанның магистралды темір жол бойын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі өтетін аймақты, Арыс өзені жағалауын, Алатау бөктерін күл-қоқыстан арылту жұмыстарын атқарған аманаттықтар, барша отандастарымызды өзіміз өмір сүретін ортаның тазалығын сақтауға шақыруда.

Партияластарымыз ұйытқы болған бастаманы бүгін Бәйдібек ауданы жалғастырып, әйгілі Шаян өзені жағалауында тазалықты қамту жұмыстары атқарылды. «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының үйлестіруімен өткен науқанға партия белсенділері, жанашыр азаматтар, жастар қатысып, өзен жағалауының табиғи келбетін қалпына келтіруге үлестерін қосты. Аманаттық өкілдер бас боп ұйымдастырып өткізген науқан, экологияны түзеуге жасаған қадам ғана емес, туған өлкеміздің тоқымдай жерінің өзі қымбат, бір уыс топырағының өзі алтын деген өнегелі ұғымды жұртшылығымыздың санасына бек орнықтыруды көздейді.

Қазыналы Қаратау бөктерінен бастауын алатын Шаян өзені осынау атырабы бірнеше жүз шақырымға созылатын шөлейтті аймаққа тіршілік нәрін жеткізіп беруші бірден-бір су көзі болып табылады. Өзен суын қалдықтар төгіп былғау, жағалауын зиянды пластика қоқыстарымен толтыру – айнала-атырапты үлкен экологиялық апатқа душар ететін, тіршілік атаулының бәріне зиян шектіретін орны толмас залал екенін айтуға тиіспіз. Қаратаудың екі қойнауындағы бұлақтардан бас құрап Үлкен Шаян, Кіші Шаян аталып, одан әрі Қапшағай тау қойнауына кіргеннен тұтасып ағатын өзенді баршамыз қастер тұтып, аялай білуіміз керек деген ойдамыз. Дәл осындай жанашырлық ниет аудандағы Арыстанды, Сасық, Үлкен және Кіші Бөген, Боралдай, Алмалы, Құтырған, Жыланды су арналарына да қатысты орнықты болса, табиғат ана адам баласынан берекесінен аянып қалмайды деп білеміз. Берекемізді тарылтып алмайық, ағайын!

Қатысты жаңалықтар

ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

azatmedia

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ОРДАБАСЫ АУДАНЫНА КЕЛДІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМДІ ТҮЛЕТЕТІН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

azatmedia