Жаңалықтар

ҚИМЫЛЫ БАР ҚОҒАМДА ЖАЙЛЫ ТҰРМЫС ОРНЫҒАДЫ

«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асырудың Жол картасында мектептер жетіспеушілігін еңсеру, жаңа мәдениет ошақтарын салу, спорт инфрақұрылымын дамыту міндеттері қойылғаны белгілі. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының тірегі саналатын ауылдарда өмір сапасын арттыруға, азаматтарға лайықты тұрмыс жағдайын түзуге ықпал етпек.

Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық депутаттық фракциясының және партияның өңірлік филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының бірлескен жұмыс жиынында, Түркістан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек, өңірімізде үш ауысымды және апаттық мектептердің мәселесін түбегейлі шешу жұмыстары 4 бағытта атқарылып жатқанын мәлімдеді. Оның ішінде бюджет және «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен, барлығы 10300 орынды құрайтын 35 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланғанын атап өтті. Осы мектептер санатынан былтырғы жылы 20 мектеп пайдалануға берілсе, биыл қалған 15 мектептің құрылысы қарқын алғанын айтты.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде үш жыл ішінде барлығы 49 мың оқушы орны бар 63 мектеп салынатынын атап өткен басқарма басшысы, биылғы жылы осы санаттан 29 мектеп іске қосылатынын, қалған 34 мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталып, тапсырылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, облыс көлемінде жеке инвесторлар есебінен жиынтығы 6230 орынды құрайтын 35 мектептің құрылысы қолға алынғанын жеткізді.

Азаматтардың сапалы медициналық ем қабылдауына мүмкіндік жасауда өңір көлемінде 5,5 мыңнан астам дәрігерлер мен 19 мыңнан астам орта буын медицина қызметкерлері тұрғындарға қызмет көрсететінін атап өткен Қанат Әбдіразақұлы, биылғы жылы Түркістан облысында 52 медицина нысанының құрылысы басталғанын, оның 27 нысаны жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылатынын атап өтті.

«Туған жер» арнайы жобасы аясында меценаттар есебінен 1 016,3 млн.теңгеге мәдениет саласындағы 4 нысанның құрылысы жүргізіліп, 2 нысан жөндеуден өткізілгені айтылды. Сондай-ақ биыл мәдениет саласына қатысты 12 нысанның құрылысы қолға алынған болса, оның үшеуі биылдың өзінде пайдалануға берілмек, қалғандарының құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылы аяқталатын болады.

Басқарма басшысы келтірген деректер бойынша, облыс елді мекендерінің спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 38,4 пайызға жеткен. Биылғы жылы облыс көлемінде спортқа қатысты 23 нысанның құрылысы қолға алынған болса, жыл соңына дейін осы санатқа жататын 14 нысан пайдалануға беріліп, спортқа ден қойған тұрғындарға қызмет көрсетпек. Қалған нысандар кезең-кезеңімен 2025 жылы тапсырылатын болады.

Көріп отырғанымыздай, партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында азаматтарымыз үшін ыңғайлы орта құруға жәрдемші болатын нақты міндеттер белгіленген. Тұрғындардың талабымен үндесіп қабылданған жоба-жоспардың орындалуын аманаттық өкілдер тұрақты назарында ұстайды және қоғамдық бақылауды партиялық ресурстар мен мәслихаттардағы партиялық фракция депутаттары арқылы іске асырады.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭТНОС ЖАСТАРЫ АРАСЫНДА «БІРЛІК» СПОРТ САЙЫСТАРЫ ӨТТІ

azatmedia

БОЛАШАҚ ЗАҢГЕР ТҰҢҒЫШ РЕТ САЙЛАУҒА ҚАТЫСТЫ

azatmedia

ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҚТАРЫНЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫН МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ЗЕРДЕЛЕДІ

azatmedia