Жаңалықтар

ТҮЛКІБАС АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨТІНІШТЕРІ ЗЕРДЕЛЕНДІ

Жұмыс кестесіне сәйкес, бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Түлкібас ауданының жұртшылығымен жүздесті. Ауданның өркендеуін қамтып, қолайлы инфрақұрылымын түзу, өндірістік қуатын арттыруда инвестиция көлемін ұлғайту, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, табиғаты көркем аймақтың тазалығын сақтау бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы таразыланған жиында билік пен әлеумет бірлесе атқаруы тиіс шаруаның жайы талқыланды. Аудан тұрғындарымен өткен кездесуге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева қатысып, жергілікті жұртшылықтың талап-өтініштерін зерделеді, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

— Нәтижеге қол жеткізу үшін әкімдіктер мен халық бірлесе жұмыс істеуі керек. Мысалы, елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Өкінішке қарай, әзірге негізінен бюджеттік мекеме қызметкерлері ғана белсенді атсалысуда. Күл-қоқысты көріп өскен бала оны қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстап, тұтас ел болып үлгі көрсетуіміз керек. Таза елге береке келеді, тұрақты елге инвестиция тартылады. Осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», – деді Дархан Амангелдіұлы тұрғындармен өткен жиында.

Өңір басшысы өндіріс пен туризмді дамытуда ауданның мүмкіндігі жоғары екенін айтты. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы 9 елді мекенде барлығы 20 жоба іске асырылғанын атап өтті. Оның ішінде Майтөбе және Азаттық елді мекендерінің ішкі көшелері реттелген болса, Ынтымақ елді мекеніндегі мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатқанынын тілге тиек етті. Осы бағытта білім, денсаулық сақтау, мәдениет салалары бойынша Таусағыз, Ақбиік, Келтемашат, Рысқұл, Шұқырбұлақ, Кершетас елді мекендерінде іргелі жұмыстар қолға алынғанын мәлім етті.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша былтырғы жылы 1,6 млрд. теңгеге 243 жоба қаржыландырылғанын айтты. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерде жұмысқа тұрған 59 маманға 20 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы, 10 маманға тұрғын үй сатып алуға 52 млн. теңге көлеміндегі бюджеттік несиелер берілгенін атап өтті. Аудандағы 31 мектепте Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысы орнатылғанын жеткізді.

Жиын барысында ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім бар екені атап көрсетілді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 21 пайызға өсіп, 2023 жылы 99,5 млрд. теңгеге жеткені тізбектелді. Биылғы жылдың бес айында бұл көрсеткіш 30,4 млрд.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға өскені белгілі болды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы үш жылда 33 пайызға өсіп, барлығы 9 мың субъектіден асқаны мәлімделді. Осы деректер жөнінде толық мағлұмат берген Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жұмыс бағыттары жөнінде есеп берді.

Еркін пікір алмасу алаңы форматында өткен жүздесуде тұрғындар тарапынан күн тәртібіндегі өзекті деген мәселелер бойынша сауалдар қойылды. Жергілікті әлеумет көтерген бірқатар сауалдарға аудан әкімдігі, облыс әкімдігінің тиісті салалық басқармалары тарапынан жауаптар берілді. Әрбір мәселенің оңтайлы шешу жолдары түсінідіріліп, бұл бағытта қолға алынған жұмыстардың барысы баяндалды.Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, тұрғындармен өткізген кездесу жиынынан соң облыс әкімі жеке мәселелері бойынша жазылған азаматтардың қатысуымен қоғамдық қабылдау өткізді. Азаматтар көтерген мәселелердің орындалуы өңір басшысының тікелей бақылауында болады. Сондай-ақ жұртшылық базынасының іске асырылуын аманаттық өкілдер де назарында ұстап, оңды шешім табуына үлесін қосатын болады.

Қатысты жаңалықтар

БАСТАУЫШ ҰЙЫМНЫҢ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСЫ ҚАРАЛДЫ

azatmedia

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ «АУЫЛ АМАНАТЫНЫҢ» МҮМКІНДІКТЕРІН ПАЙДАЛАНУҒА ШАҚЫРДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫМЕН 5 БІЛІМ ОШАҒЫ САЛЫНАДЫ

azatmedia