Жаңалықтар

ЕРЕКШЕ ЖАНДАРДЫҢ БАЗЫНАСЫ ТЫҢДАЛДЫ

Кедергісіз орта құру, инклюзивті қоғам қалыптастыру, ерекше жандардың өмір сапасын жақсарту – «AMANAT» партиясының басты ұстанымдарының бірі. Қазақстан қоғамы тең құқықтар мен мүмкіндіктердің алаңына айналуы керек деген ұстаным, барлық партияластарымызды ортақ мақсат аясына біріктіріп, әділетті әрі инклюзивті қоғам құру бағытында жүйелі жұмыс жүргізудің бағдары болып келеді. Осы орайда, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға жәрдемші болып, мүгедектігі бар жандардың сұраныстарын шешуге, қоғамдық ортаның баршамызға теңдей қолжетімді болуына көмегін тигізеді.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардан түрлі мемлекеттік органдарға, партиямызға келіп жатқан өтініш-хаттарының басым бөлігін тұрғындардың медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту сұраныстарын, мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы тағайындалу мәселелерін құрайды. Бұл мәселеде аманаттық өкілдер таразы басын тең ұстауды жөн деп біліп, қоғамда әділдік пен жауапкершілік ұғымдарының теңдей орнығуын мақсат тұтады. Яғни, мемлекеттік жәрдемақымен тек шын мәніндегі мұқтаж азаматтар ғана қамтылуы керек деп санайды. Бұл салада бәріне бірдей құқықтың берілуі – жауапкершілік жүгінің де теңдей бөлуімен қатар жүруі тиіс деген көзқарасты ұстанады.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының іске асырылу барысын ерекше қадағалауына алған. Жуырда партияның Қазығұрт аудандық филиалында осы жоба шеңберінде кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Партиялық алаңға келіп, өз сұраныстарын білдірген азаматтардың базынасын Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, партиялық фракцияның мүшесі Нұржан Аширов, партияның Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Есімхан Исақұлов, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің №6 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы Б.Абилдаев, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емхана жұмыстары бойынша орынбасары А.Ақынғазиева, осы аурухананың мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Г.Тұрлыбаева тыңдады.

Қоғамдық қабылдауға жазылған азаматтардың барлығы дерлік денсаулық жағдайы бойынша мүгедек деп тану мәселесімен келгендіктерін білдірді. Азаматтардың сұраныстарын мұқият тыңдаған мамандар, олардың денсаулық жағдайы бойынша ұсынған құжаттарымен танысып шықты, еңбек қызметімен айналысу қабілетінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішінара айырылу жағдайын зерделеді, адамды мүгедек деп тануға негіз болатын шарттарды түсіндіріп өтіп, осы саланы реттейтін нормативтік құқықтық актілер жөнінде ақпар берді.

Қабылдауға жазылған Жігерген ауылдық округі, Тесіктөбе елді мекенінің тұрғыны Бектай Солпиев көру қабілетінің нашарлағанын айтып, мүгедектікке шығу бойынша көмек көрсетуді өтінді. Шағымданушының диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларынан өткенін растайтын құжаттарын зерделеу барысында, науқастың организм функцияларының тұрақты бұзылуы пайда болғаны анықталды және бұл азаматтың әлеуметтік мәртебесі еңбекке жарамсыз танылатыны түсіндіріліп, тиісті рәсімдеу шаралары атқарылатын болды.

Сондай-ақ қабылдауға келген Қызылқия, Шарбұлақ және Қазығұрт елді мекенінің тұрғындарына медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің жауапты өкілі азаматты мүгедек деп тану жөніндегі бекітілген талаптарды түсіндіріп берді. Бұл мәселе бойынша азаматтар өздерінің тұрғылықты/тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдағы учаскелік дәрігеріне, не денсаулық сақтау ұйымының бейінді маманына баруы керектігі, ол қажетті диагностикалық және емдеу іс-шараларының көлемін, оның ішінде көрсеткіштер бойынша стационарлық тексеру мен емдеу көлемін анықтайтыны, диагнозды және функционалдық бұзылулар дәрежесін белгілейтіні түсіндірілді. Диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шаралары кешенін жүргізгеннен кейін, организм функцияларының тұрақты бұзылуы болған кезде, еңбекке уақытша жарамсыздық басталған немесе диагноз қойылған сәттен бастап төрт айдан ерте емес мерзімде адамдар МӘС-ке жіберелетіні айтылды.

Қабылдау барысында облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Аширов пен «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Есімхан Исақұлов тиісті сала өкілдеріне партиялық алаңға келіп, азаматтардың өтініштерін тыңдағандарына және бекітілген талаптар жөнінде азаматтарға керекті ақпарат бергендеріне ризашылығын білдіріп, алғыстарын жеткізді. Бұл бағытта алдағы уақытта да тығыз ықпалдастықта жұмыс жүргізілетініне сенім білдірді. 

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІК ШАРУАЛАР ӘР ГЕКТАРДАН 90 ТОННА ӨНІМ АЛУДЫ КӨЗДЕП ОТЫР

azatmedia

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

azatmedia