Жаңалықтар

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ САЙРАМ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының Сайрам ауданы тұрғындарымен кездесуі өтті. Жиында облыс пен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері қаралып, өзекті деген мәселелердің шешім табуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы таразыланды. Сондай-ақ жиын барысында аудан тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, олардың шешім табу жолдары қарастырылды, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

Алға қойған межелі жоспар мен оның шеңберінде атқарылған қыруыр жұмыстың нәтижесі талқыланған жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, облыс әкімінің салалық орынбасарлары, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы,Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, басқарма басшылары мен облыстық ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Облыс әкімі Сайрам ауданы өңіріміздің экономикалық құрылымында маңызды орны бар аймақ екенін айта отырып, ауыл шаруашылығы дамыған, кәсіпкерлікке ден қойған аудан болып табылатындығын назарға алды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сайрам ауданында 2023 жылы 14 елді мекенде 31 жобаны іске асыруға 2,6 млрд. теңге бөлінді. Бірқатарына тоқталсақ, Нұржанқорған елді мекенінде 300 орынға арналған мектептің қосымша корпусы пайдалануға тапсырылды. Қарамұрт елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, Ақбұлақ елді мекенінде мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Қасымбек Датқа елді мекенінде электр желілерінің құрылысы жүргізілді, 30 көше орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,2 млрд. теңгеге 207 жоба қаржыландырылды», – деп атап өтті Дархан Амангелдіұлы.

Облыс әкімінің қатысуымен аудан тұрғындарымен ашық пікір алмасу алаңы ретінде өткен кездесуде Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов, аудан әкімдігіне жүктелген міндеттер мен берілген тапсырмалар бойынша есебін берді. Аудан әкімі келтірген деректерге сәйкес, кәсіпкерлік саласында айтарлықтай өсім тіркелген. Соңғы үш жылда Сайрам ауданындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 36 пайызға артып, бұл салада өндірілген өнім көлемі 202 млрд. теңгеге жеткен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 49 млрд. теңгеге жетіп, жоспар 2,4 млрд. теңгеге артық орындалса, негізгі капиталға бағытталған инвестицияның көлемі 51 млрд. теңгеден асып, жоспар 11 млрд. теңгеге артығымен орындалғаны баяндалды.

Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да нәтижелі жалғастыруды тапсырды және өзіндік кірістерді арттыруда аудан әкімдігіне облыс әкімдігінің салалық басқармаларымен бірлесе іс-қимыл жүргізуді жүктеді. Кездесу барысында аудан тұрғындары тарапынан бірқатар елді мекендегі инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі ұсыныстар айтылды. Дархан Амангелдіұлы бұл мәселелер облыс әкімдігінің тұрақты назарына алынғанын жеткізіп, тұрғындарды алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың жоспарымен таныстырды. Жүздесу барысында қозғалған басқа да әлеуметтік мәселелердің шешім табуы сала жетекшілерінің жеке бақылауына алынды.

Өңір басшысының Сайрам ауданына жасаған жұмыс сапары азаматтарды жеке мәселелермен қабылдаумен жалғасын тапты. Қабылдауға жазылып, базынасын білдірген тұрғындардың жеке өтініштері, қабылдауға қатысқан басқарма басшылары мен құқық қорғау органдары жетекшілерінің назарына алынды. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы да тұрғындар тарапынан айтылған әрбір өтініштің оңтайлы шешім табуын партиялық бақылауда ұстап, билік пен жергілікті әлеуметтің өзара сенімге негізделген байланысын бекемдеуге үлесін қосатын болады.  

Қатысты жаңалықтар

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДАҒЫ ПРОБЛЕМАЛЫҚ НЫСАНДАРДЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КЛИМАТЫНА БАЙЛАНЫСТЫ КӨШЕТТЕРДІҢ ЖЕРСІНУІ 50 % -ДАН АСПАЙДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТЫ ТҮРЛЕНДІРУДЕ ТИЯНАҚТЫ ТІРЛІК КЕРЕК

azatmedia