Жаңалықтар

САЙРАМДАҒЫ НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ҚАДАҒАЛАНДЫ

«АМАNАТ» партиясының Төрағасы, Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Жақанұлы Қошанов партияның сайлауалды уәделерін орындауда аманаттық депутаттар әкімдіктермен өзара тиімді қарым-қатынас жасауы тиіс екенін айтқан болатын. Осы орайда, мәслихат депутаттарының өкілеттілік аясы кең екенін назарға алған партия Төрағасы, мәслихаттар әкімдіктермен қатар өңірлердегі өмір сапасына жауапты болып табылатынын атап көрсетті.

Партияға үміт артқан сайлаушылардың мүддесін қорғауда, депутаттық корпус өкілдері тұрғындармен жүздесіп, даму бағдарламаларының жергілікті аумақтарда орындалуын бақылаудан өткізеді. Осы мазмұндағы жүздесулер жуырда Сайрам ауданында өтті. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, партиялық фракцияның мүшесі Нұржан Жамалбеков пен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, аудандағы маңызды деген бірқатар нысандардың құрылыс алаңдарында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын және құрылыс барысында кездесіп жатқан түйткілді мәселелерді таразылады, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

Партия өкілдері ауданның ауыл шаруашылығы саласында маңызды орны бар Қарасу-Ақбай ағын су каналын жөндеу бойынша атқарылған жұмыстарды арнайы барып көрді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынының «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының тапсырысы бойынша қолға алынған жөндеу жұмыстары, өткен жылдың қазан айында басталған. Нысандағы құрылыс жұмыстары биыл жыл соңына толығымен аяқталуы керек деп белгіленген. Қазір осы арна арқылы егістік алқаптарға су жеткізілуде, вегетациялық кезеңнен өткен бойда, каналдағы өткелдерді жөндеу жұмыстары жалғасын табатын болады. Партия өкілдері құрылыс жұмыстарын қадағалау барысында, жергілікті тұрғындармен жүздесіп, олардың нысандағы құрылыс жұмыстары бойынша ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Айта кету керек, арнасын тазалау, жағалауларын бекіту жұмыстары қолға алынған Ақбай-Қарасу каналынан жүзден астам шаруа қожалықтарының егістік алқаптары су ішеді. Осы каналдан нәр алатын жердің көлемі 700 гектарға жуықтайды. Көп жылдар бойы пайдаланымда болған су арнасының, уақыттың өтісімен су өткізу қабілеті төмендеген. Ескірген арнаның табанын тазалау, жағалауларын бекіту, су жоғалуының деңгейін төмендету және канал үстінен өтетін көпірлерді жөндеу жұмыстары қолға алынып, тұрғындар көтеріп жатқан басты мәселе оң шешімін табатын болады.

Партия өкілдері аялдаған келесі нысан – Қарасу ауылдық округіндегі спорт кешенінің құрылысы болды. Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы бойынша салынып жатқан бұл нысанның дайындығы дәл қазіргі таңда 100 пайыз болуы тиіс еді. Қабылданған құжаттар мен бекітілген жоспарларда құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2024 жылғы маусым айы деп көрсетілгенімен, мердігер ұйым – «НұрТехСервис» ЖШС-гі атқаруы тиіс жұмыстар әлі де болса бір төбе екені белгілі болды. Атқарылған жұмыстардың сапасына байланысты сын-ескертпелер де көптеп айтылды. Партия өкілдері аудан әкімдігіне нысанның дайындығын қадағалауда, жұмыстың сапасын бағамдауда ширақ қимыл жүргізуі керек екендігін еске салып, айтылған сын-ескертпелердің орындалуын аманаттық өкілдер жіті бақылауда ұстайтынын білдірді.

Манкент ауылдық округінде партия өкілдері 600 орындық Айнабұлақ орта мектебінің құрылыс алаңында болып, білім беру ұйымының дайындығын қоғамдық бақылаудан өткізді. Құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес, мерзімдерінде атқарылып жатқанының куәсі болды. Құрылыс жүргізуге жауапты мердігер ұйым – «Строй Экспресс РК» ЖШС-гі өкілдері қаржыландыруға қатысты ұсыныстарын білдірді. Бұл мәселені облыстық мәслихат депутаты Нұржан Жамлбеков өз бақылауына алатынын айтып, түйткіл болып отырған түйінді тарқатуда тиісті облыстық басқармаларға сұрау салатынын жеткізді.

Аудандағы білім беру ұйымдарының құрылыстарын қадағалау барысында партия өкілдері «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша Ақсу ауылында бой көтеріп жатқан 600 орындық мектептің құрылысымен де танысты. Мұнда атқарылып жатқан жұмыстар жіті бақылауда екенін көрді және құрылыс барысында кездесетін өзекті мәселелер жедел шешім тауып жатқанының куәсі болды.

Партияның Сайрам аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының өкілдерімен бірлесе осы және өзгеде құрылыс алаңдарындағы ахуалды жүйелі бақылауында ұстайтын болады. Шешімін таппай жатқан немесе өзекті деп танылған мәселелер бойынша, партияның облыстық филиалын және облыстық мәслихаттағы партиялық фракция депутаттарын жедел хабардар ету шешімі қабылданды.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ ТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕСІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

azatmedia

ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНЕ 10 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

azatmedia