Жаңалықтар

БАЛАНЫҢ ШАТТЫҒЫ ӘЛЕМДІ ТЕРБЕЙДІ

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Төлеби ауданындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылын тұрақты қамқорлығына алған және мереке сайын осында тәрбиеленіп жатқан балалардың жанынан табылуға асығады. Бұл жолы да Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев бастаған аманаттық өкілдер балалардың қуанышын бөлісуге арнайы келді, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

Қамкөңіл балалардың құт мекені болған ұйымның ашылғанына биыл тоқсан бес жыл толып отыр. Бүгінде мұнда 70-ке жуық жас өскін бір үйдің баласындай күн кешіп, тәрбиемен қамтылуда. Балалардың тұрақ мекендері отбасы үлгісінде жасақталып, балаларды бір шаңырақ астында біріне бірі қамқор болып өсуіне үйретеді. Сабақтағы үй тапсырмаларын бірлесе орындап, ортақ дастархан басына бірге жиналады. Мекемедегі ғимарат кешендері жеке үйлер ретінде салынып, әрбір үйдің тұрғындары бір отбасы болып саналады. Бірнеше үйден құралған кешен балалар ауылы болып танылған. Тәрбиенің бұл жүйесі балаларды отбасылық өмірге бейімдейді, оларды өзара қамқор болуға үйретеді, үйдің жылулығын, туыстық байланыстың бекемдігін сезінуге жәрдем береді.

Жайдары мінез жаздың шығуымен балалар ауылының тұрғындары осы аумаққа жақын «Төлеби нұры» сауықтыру лагеріне келді. Жазғы лагерь маусымының ашылуы – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орайластырылды. Балаларды мерекесімен құттықтауға келген барлық меймандар жазғы лагердің алаңына жиналды, тәрбиеленушілер қойған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Балаларға деген жылы лебізін білдірген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев бүгінгі мереке балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты жəне жыл сайын асыға күтетін басты мейрам екенін атап өтті. «Мемлекетіміздің басты мақсаты – елге ие болатын білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Себебі, бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел үміті, ұлттың жалғасы», – деді. Партияның облыстық филиалы сауықтыру лагеріне келетін топырақ жолды ретке келтіріп, асфальт төсеу бойынша бастама көтеретінін айтты.

Мерекелік сияпат ретінде аманаттықтар балалардың жазғы сауықтыру лагеріне автоматты кір жуу машиналарын табыс етіп, балғындарға тәтті сый – балмұздақ үлестірді. Балалардың қуанышымен бөлісуге арнайы келген аудандық мәслихат депутаттары, аудан прокуроры, шекара қызметінің, төтенше жағдайлар департаментінің, әскери бөлімнің, экология департаментінің өкілдері, жеке кәсіпкерлер де мерекелік сыйлықтарын табыстап, балаларға қуаныш сыйлады.

Қатысты жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУҒА АЙРЫҚША МӘН БЕРІЛІП ОТЫР

azatmedia

ШЫМКЕНТ: ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНҒАНДАР ЖАЗАҒА ТАРТЫЛАДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ ЖІГІТТЕР ГҮЛ ӨСІРІП, МИЛЛИОНЕР АТАНЫП ОТЫР

azatmedia