Жаңалықтар

ҚР МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ САРЫАҒАШ АУДАНЫНА АРНАЙЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев ауданға арнайы жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында алдымен аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Кездесуге аудан әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихаттың депутаттары Жәнібек Сүлейменов, Уалихан Рахиев, “AMANAT”партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Полат Тұрсынбаев, аудандық “AMANAT”партиясының төрағасы Құдірет Қыстаубаев, мәслихат төрағасы С.Тасқұлов және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

Еркін форматта өткен кездесуде фракция мүшелері аудандағы түйткілді мәселелер бойынша ұсыныстары мен сұрақтарын ортаға салып, пікір алмасты. Сонымен қатар, аудан басшысы ауданға қарасты ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, ауыз сумен және газбен қамту, мектептер және әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Депутаттар аудандарды аралау барысындағы халық тарапынан айтылған мәселелер Сарыағаш қаласымен оған іргелес жатқан елді мекендерді айналып өтетін айналма жолдың құрылысы, екінші деңгейлік банктердің несие берудегі пайыздары, аудандық мәдениет, спорт, ветеренария, білім бөлімдері бағыныстылығын ауданға қайтару және каналдарды жөндеу мәселелерін көтерді.

Мәжіліс депутаты ауданда сайлауалды бағдарламаның жол картасының орындалу барысына тоқталды. Темір Базарбайұлы көтерілген мәселелер бойынша өз ойын ортаға салып, оның оңды шешілу жолдарын қарастырып, бақылауға алатынын айтты.

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев ауданға арнайы жұмыс сапары барысында ауданға қарасты Жартытөбе ауылдық округіндегі орналасқан темір өнімдерін дәнекерлеп, өз өнімін ұсынатын дәнекерлеу цехының жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда өндіріс орны тәулігіне 50 дана өнім шығарады.

Ауданда қарқынды түрде іске асырылып жатқан ауқымды бағдарлама – «Ауыл аманаты» жобасы. Жоба аясында кәсіпкер 11 адамды жұмыспен қамтыған. Кәсіпкер аталған жоба аясында 2,5 пайызбен несие алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Өнімдерді Түркістан облысы және Шымкент қалаларына саудалап жатыр.

Кәсіпкердің жұмысымен танысқан Мәжіліс депутаты бүгінде іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты ауыл тұрғындарына кәсіп бастауына қаржы бөлу екенін жеткізді. Сонымен қатар, ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, қойылған сұрақтарына толық жауап берді. Мұнда тұрғындар тарапынан Достық елді мекенін таза ауыз сумен қамту, интернеттің жоқтығы сөз болды.

Келесі кезекте, депутат Жылға ауылдық округіне қарасты Жылға елді мекенін ауыз сумен, Жылға, Нұрауыл, Ферма №3 елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Кездесу барысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысы құрылыс жұмыстарының жобасын таныстырып, мердігер мекеме өкілдері депутат тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.Ауыз су құрылысының жобасы бойынша 104,795 шақырым су құбырын жүргізу қарастырылған, осы тұста 6000-ға жуық халықты қамтамасыз ету жоспарланған.

Құрылыс нысанында 700 метр су ұңғымасы қазылып, 1-ші және 2-ші көтеру сорғы станциясы ғимаратының құрылыс жұмыстары және сыртқы қоршау жұмыстары жүргізілген.

Табиғи ғаздың құрылысының жобасы бойынша 64,251 шақырым табиғи газ желісін жүргізу қарастырылған, 8000- ға жуық тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Қәзіргі күні газ құрылысының жұмысы 10% ға, ауыз су құрылысының жұмысы 70% іске асырылған. Бұл обьектілердегі басты мәселе жұмыс толық аяқталуы үшін тез арада бюджеттен тиісті көлемдегі қаржыны аударып беру болып отыр.

Осы айтылған ұсыныстар депутат тарапынан бақылауға алынып, істің оң шешілуіне тиісті шаралар қабылданатын болды.

Қатысты жаңалықтар

ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

azatmedia

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

azatmedia

ШЫМКЕНТ: ЕМХАНАЛАРДА ҚҰРЫЛҒАН МОБИЛЬДІ ТОП 15 МЫҢ НАУҚАСҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕН

azatmedia