Жаңалықтар

АУЫЛ ӘКІМДЕРІ «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» НЕГІЗДЕРІН ҮЙРЕНУДЕ

Түркістан қаласындағы Конгресс холл көпсалалы кешенінде «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша Отырар, Бәйдібек, Созақ, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларына қарасты ауылдық округ әкімдерін оқыту курсы жұмысын бастады, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Түркістан облыстық қаржы басқармасының қолдауымен өтіп жатқан үш күндік оқу жиындарында ауыл әкімдері азаматтардың жеке және отбасылық бюджетті құрастыра білуінің артықшылықтарын меңгеріп шығады, азаматтардың тауарлық несиеге үміт артпай қажетті тауарлар мен қызметтерді алуына мүмкіндігін саралауды үйренеді, тұрғындарды несие мен қарыздың тұзағына түсірмеу жолдарын талдауға дағдыланады.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел азаматтарының шамадан тыс несие алуына алаңдаушылығын білдіріп, азаматтардың шамадан тыс несиеге байлануын қоғамдағы өте өзекті әрі әлеуметтік маңызға ие басты мәселе деп бағалады. Осы міндет шеңберінде «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың бастамасымен азаматтардың қаржылық сауаттылығын көтеруді көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылды. Жобаның тиімділігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айрықша атап көрсетіліп, оның ауқымын кеңейтіп, жалпыхалықтық деңгейге шығару тапсырылған болатын.

Ауыл әкімдерін оқыту курстарының ашылу рәсіміне қатысқан «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында өңірімізде 2023 жылы 14600-ден астам азамат қаржылық сауаттылықты көтеру курстарынан өткенін хабарлап, өңіріміз республикада алдыңғы қатардан көрінгенін мәлімдеді. Биылғы жылдың 4 айында осы курстарда төрт мыңнан астам азамат білім алғанын жеткізді.

«Биыл еліміздің барлық өңірінде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 200 мың адам оқу курстарынан өтетін болады. Мектеп, колледж және жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары әзірленбек. Бұл қадам 100 мыңға жуық студенттердің, 450 мыңға жуық жоғары сынып оқушыларының қаржылық білім-білігін арттыруға мүмкіндік бермек. Осылайша, жобаға 750 мыңға жуық адамды тарту көзделген. Жобаны жүзеге асыруға 9 коммерциялық банк пен 11 мемлекеттік орган бірлесе қатысып отыр. Оның ішінде «Халық банк» акционерлік қоғамының жобаға қосқан үлесі орасан», – деді Полат Мұратұлы.

Азаматтардың қаржылық мүмкіндіктерін бағалау негіздері, кіріс пен шығысты есептеу, шығындарды оңтайланлыру тәсілдері жөнінде оқу жиынына қатысушыларға «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша жетекшісі Жандос Әзімбаев пен жобаның өзге де лекторлары қызықты дәрістерін өткізіп, көрнекілік материалдарын таратты. Оқудың толық курсынан өткен ауыл әкімдеріне сертификаттар табысталатын болады.

Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл барлық өңірде жүргізіледі. Биылғы жылдың ақпан айында облыстар мен республикалық маңызы бар 3 қала бойынша 150 қаржы сарапшысын оқыту басталлған болатын. Бұл мамандар жыл бойы 200 мың қазақстандыққа қаржылық сауат курстарын өткізеді. Әсіресе, онда несие мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтарға басымдық берілмек.

Өткен жылы басталған пилоттық жоба өз тиімділігін көрсетіп, жалпыхалықтық бағдарламаға айналды. 2023 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, оның игілігін барша халық көруі керек деген еді. 16 қыркүйекте «Қарызсыз қоғам» жобасының орындалуы Үкіметте қаралды.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейтетін Жол картасын және қалаларда ашылатын жобалық кеңселердің жұмысы туралы Ережені дайындады. Жобалық кеңселер азаматтарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді.

Сонымен бірге, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясын қаржылық сауат бойынша білім беру платформасы іске қосылады және Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарына, колледждеріне және мектептеріне қаржылық сауат курсы енгізіледі. Дәлірек айтқанда, 450 мың оқушы мен 100 мың студентті қаржылық сауат негіздеріне үйрету жоспарланған. Бұл оқу орындары үшін арнайы әдістеме мен оқу құралдары әзірленеді.

Осылайша, келесі жылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасында жалпы саны 750 мың адам қаржылық сауатты үйренеді деп жоспарлануда.

Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» − халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлескен бастамасы. Аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқудан өте алады.

Жобаның алғашқы оқыту курсы 2 мамырда басталып, еліміздің 8 өңірінде жүзеге асырылды. Атап айтқанда, осы уақыт ішінде Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының 65 мың тұрғыны жоба аясында қаржылық сауатын арттыру бойынша оқу курсынан өтті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны артып келеді. Қазіргі уақытта 8,4 млн халықтың мойнында 18 трлн теңге несие бар. Оның ішінде тұрғындар шағын микроқаржыұйымдарынан 197 млрд теңге онлайн қарыз рәсімдеген.

Биыл 750 мың отандасымыз қаражатты ұтымды басқарып, шығынды оңтайландыруды үйренеді. Халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғасуда. Мәселен, бүгін курстан өтуге тілек білдірген азаматтардың алғашқы легін оқыту жұмысы басталды. Айта кетейік, былтыр жобаға 8 өңірдің тұрғындары ғана қатыса алса, енді тұрғылықты жеріне қарамастан барлық ниет білдіруші оқуға жазыла алады. Осы аптада 6 мың адам оқыту курсынан өтеді. 

«Халықтың шамадан тыс несие алуы – өте өткір мәселе. Миллиондаған адам көмек пен қолдауға зәру. Еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 15%-дан көбінде 90 күннен астам уақыт төленбей келген несие берешегі бар. Бүгін еліміздің барлық өңірінде халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін жаппай оқыту курсы бастау алды. Жоба сарапшылары әр азаматқа жеке-дара көмек көрсетеді. Ешқандай мәселе ескерусіз қалмайды», – деді вице-премьер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын атап өтіп, «AMANAT» партиясына Үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, биыл еліміздің барлық 20 өңірінде 200 мың адамды оқыту жоспарлануда. Сондай-ақ мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған әдістемелік құралдар әзірленеді. Бұл шамамен 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қаражатқа неғұрлым жауапты қарауға үйретуге мүмкіндік береді.

«Биыл қаржылық сауатты мектеп қабырғасынан бастап арттыруды қолға аламыз. Сондай-ақ, еліміздің барлық 20 өңірінде партиямыздың филиалдары жанынан «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері ашылады. Онда кез-келген адам қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша келелі кеңес ала алады. Бүгінде әрбір екінші қатысушының отбасындағы ортақ табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Сонымен қатар, курстан өткен азаматтардың үштен бірінде екі немесе одан да көп несие бар. Қатысушылар арасында баласының несиесін төлеуге мәжбүр болған зейнеткерлер де кездесті. Жобаның негізгі мақсаты – адамдарға несие ауыртпашылығын жеңілдетуге көмектесу. Жалпы, былтыр 65 мыңнан астам отандасымыз қаржылық сауатын арттырды. Енді оны 750 мың адамға жеткізуді көздеп отырмыз», – деді ол.

«Қарызсыз қоғамға» қатысушылардың 58%-ы – төрт немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар. Жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, адамдар күнделікті қажетін өтеу үшін несие рәсімдейді.

«Өкінішке қарай, адамдар несиені жағдайы жақсы болғаннан алмайды. Мәселен, көмір сатып алу үшін несие рәсімдеген адамдарды да жүздестірдік. Яғни, азаматтар қарапайым қажеттілігін өтейді. Алайда, несие отбасындағы қарым-қатынасқа теріс әсер етеді. Тіпті, жобаға қатысушылардың бірі қарызға белшесінен батқандықтан, ағайын-туысы да одан сырт айналғанын айтты. Сондықтан, қаржылық сауатты арттыру – ауадай қажет», – деді ол.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда қанатқақты режимде бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап,  соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақтар бойынша кеңес алады. Сондай-ақ, оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.

Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.

Қатысты жаңалықтар

АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТЫҚ ТОП – САУРАН АУДАНЫНДА

azatmedia

ТҮЛКІБАС АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ӨТІНІШТЕРІ ЗЕРДЕЛЕНДІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КЛИМАТЫНА БАЙЛАНЫСТЫ КӨШЕТТЕРДІҢ ЖЕРСІНУІ 50 % -ДАН АСПАЙДЫ

azatmedia