Қоғам

Кемелденген ел болудың кепілі – саналы ұрпақ тәрбиесі

«Қазіргі мектептерде саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдіру тұжырымдамасы». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Bіlіm jáne Ǵylym!» атты тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде: «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады», – деді. Қазіргі уақытта, XXI ғасырда, қол жеткен жоғары жетістіктерге қарамастан қоғамда ұлттық рух әлсіреп, ана тіліне деген құрмет төмендеп, перзенттік және азаматтық борыш ұғымдарының мәні құнсызданып, жастар арасында зорлық-зомбылық, суицид және тағы басқа жағымсыз құбылыстар көбейіп барады.

Жастардың бойында рухани-адамгершілік қағидаларының толық сақталмауы, жалпы адами әдеп негіздерінің жетіспеушілігі, адал еңбек ету ниеттері мен ерік-жігердің төмендеуі, өмірлік мақсаттарының айқын еместігі, сабырсыздық, ашуланшақтық, қатыгездік, кек сақтаушылық, өркөкіректік, әлсіздерге күш көрсету, тағы сол сияқты жағымсыз қасиеттердің кең таралуы қоғамда алаңдатушылық туғызуда. Мұндай жағдайлардың тамыры тереңге тартып, білім беру саласындағы ұрпақ тәрбиесінің дағдарысқа ұшырағандығын көрсетіп отыр. 

Қазіргі кезде саналы ұрпақ тәрбиесі болашағымыз үшін ең асыл мұра, ең қымбат құндылық. Дұрыс ұйымдастырылған тәрбиенің қуатына тең келетін басқа пәрменді құралды да, рухани күшті де табу өте қиын. Ұрпақ тәрбиесіне жұмсалған күш-жігер, уақыт, еңбек – болашаққа деген ең маңызды инвестиция, ең ұтымды үлес. Халық даналығында «Ұрпақ болашағы – ұстаздан» – деп атап көрсетілгендей, жас ұрпақ тәрбиесін жетілдіруде қазіргі мектептерге үлкен жауапкершілік артылуда. Әр мектеп оқушылардың әлеуметтік жетілген тұлғасын қалыптастыруға үлкен әсер ететін маңызды әлеуметтік институт, ал мұғалім – оқушыларды тәрбиелеудегі  жетекші тұлға, мәдениеттің қайнар көзі, ұлттық құндылықтардың жанашыр жаршысы болуы керек.

Сан ғасырлар сынынан өткен ұлттық тәрбие қағидаларын әлемдік озық тәрбие тәжірибелерімен ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті саналы ұрпақ тәрбиелеу жұмысын жетілдіру мақсатында, елімізде алғаш рет, Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшелері Алматы қаласы Білім беру басқармасының өтініші негізінде «Мектептерде саналы ұрпақ тәрбиелеуді ғылыми-практикалық тұрғыдан іске асыру жолдары» жобасы дайындалды. Жобаны іске асыру мақсатында, алдымен «Қазіргі мектептерде саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдіру тұжырымдамасы» дайындалып, мақұлданды.    

Саналы ұрпақ – өзіндік және ұлттық сана сезімдері дамыған,  ұлттық рухы жоғары, отбасылық, жалпыадамзаттық құндылықтарды жоғары бағалай алатын, әлемдік жаңалықтарға ашық, интеллектуалды әлеуеттері жоғары, бәсекеге қабілетті, еліне адал қызмет етуге дайын, ұлт болашағына жауапты ұлтжанды ұрпақ. Мектептерде саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдірудің негізгі бағыттары қоғам дамуында кездесіп отырған келеңсіз жағдайлардың алдын алуға, жастарды қоғам талаптары мен сын-қатерлі болашаққа барынша дайын, толыққанды азамат ретінде қалыптастыруға байланысты анықталған.

Осы тұжырымдама аясында жас ұрпаққа тәрбие беру жұмыстарын алты бағытта жүргізу қарастырылған: саналы ұрпақ тәрбиесіндегі мектептің мәдени-тәрбиелік ортасы; саналы ұрпақ тәрбиесіндегі отбасылық құндылықтар жүйесі; саналы ұрпақты тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар жүйесі; саналы ұрпақтың салауатты өмір салты; саналы ұрпақтың АҚТ сауаттылығы; саналы ұрпақ тәрбиесіндегі адал кәсіпкерлік еңбек құндылықтары.

Осы бағыттарда нәтижелі жұмыс жүргізу мақсатында мұғалімдерге, сынып жетекшілеріне, ата-аналар мен оқушыларға арналған 13 әдістемелік нұсқаулық дайындалды. Тұжырымдама мен әдістемелік нұсқаулықтарды дайындауға педагог-ғалымдар, әдіскер-тренерлер, психологтар мен тәжірибелі ұстаздар қатысты. Авторлар жұмыстың жауапкершілігін түсініп, бір команда болып жұмыла жұмыс жасады. Барлық әдістемелік нұсқаулықтар бір Тұжырымдама негізінде жасалғандықтан, олардың бірін-бірі толықтырып отыруларына, қайталаулардың болмауына, мазмұндарының үндестігіне, ұстаздардың сұраныстарына жауап беретін қажетті нұсқаулықтар болуына ерекше көңіл бөлінді.

Төменде әдістемелік нұсқаулықтар көрсетіліп, олардаң бала тәрбиесіндегі маңызы айтылған. Саналы ұрпақ тәрбиесі. Нұсқаулықтың басты идеясы – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде оқушылардың санасында отансүйгіштік, азаматтық борыш, әлеуметтік жауапкершілік сезімдерін қалыптастыру мақсатында мектептің мәдени-тәрбиелік ортасының дамытушы ықпалын күшейту. Ол мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың өзара сенімділік, қолдау, ынтымақтастық қатынастарына негізделе отырып саналы ұрпақ тәрбиелейтін ортаға айналуы тиіс.

Бала естігенін емес, көргенін істейді. Әр мектеп саналы ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілікті ұлттық борыш деңгейіне дейін көтеруі қажет. Мектептің корпоративті мәдениетін оқушылар санасында академиялық адалдық, білім құндылығы, өмірлік мұратқа жетелейтін қажетті дағдылар, сыни ойлау, әділетті шешімдер қабылдау, көшбасшылық, өзін-өзі басқару механизмдерін  қалыптастыруға бағыттау жолдары көрсетілген.

Ұлт болашағы – саналы ұрпақ. Нұсқаулық мұғалімдерді өзгерістерге құзіретті болуға, кәсіби шеберліктерін шыңдауға, педагогикалық қарым-қатынастың қыр-сырын жетік меңгеріп, оқушыларға үлгі-өнеге көрсете алуларына бағытталған. Сонымен қатар, мұғалімдерге арналған тиімді тренингттік тәжірибелер, тренингтерді ұйымдастырудың ұтымды жолдары, семинарлық талдаулар, мұғалімдік қызметтің және мектептегі тәрбие жұмысындағы қателіктер мен кем тұстарын түсініп, қажетті қорытындылар шығаруға және бірлесе отырып тәрбие жүйесіндегі күрделі мәселелерді ұжымдық идеялармен ұштастыра отырып, олардың ұтымды шешімдерін табуға бағыттайды.

Ата-ана болу – ұлы міндет. Ата-ана абыройы, ұрпақтар сабақтастығы,  тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады,  перзенттік парыз,  ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынас, отбасылық өмірге дайындық,  ажырасудың салдары, ерте жүктіліктің алдын алудағы ата-ана білуге тиіс ақпарат тақырыптары  жан-жақты  ашылып қарастырылған. Нұсқаулықта отбасылық міндетті орындаудағы ата-ананың сана-сезіміне қозғау салатын маңызды тақырыптар көтеріліп, ата-ана ретінде тәрбиелеу тәсілдерін тереңірек білу, оларды түрлендіріп қолдану арқылы өз балаларының  ішкі әлемін тануға, өздерін басқа қырынан танытуға қатысты құнды педагогикалық кеңестер жүйеленіп берілген.

Нұсқаулық әр отбасының өзіне тән тәрбие жүйесін сыни бағалап, сапалық тұрғыда реттеуіне көмек көрсетуді мақсат етеді. «Мектеп–ата-ана–оқушы» триадасы. Нұсқаулық сынып жетекшілеріне саналы ұрпақ тәрбиесінде ата-аналармен бірлесе жұмыс жасау жолдарын жетілдіру мақсатында жазылған. Себебі мектептің тәрбиелік кеңістігінің ұтымдылығы мектеп, отбасы, оқушылар ынтымақтастығының дұрыс ұйымдастырылуына тікелей байланысты болады.  

Саналы ұрпақ тәрбиесіндегі «мектеп–оата-ана–оқушы» триадасының ынтымақтастығы, ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы отбасының негізгі қызметтері мен тәрбиелік мүмкіндіктері, сынып жетекшісінің ата-аналармен қарым-қатынас жасау ерекшеліктері, ата-ана мен бала арасындағы психологиялық байланыс, мектепте және отбасында балаларға қойылатын талаптар мен тыйымдар теңгерімі, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын ғибратты әңгімелер, балалармен бірге тамашалайтын отбасылық құндылықтарды қалыптастыратын фильмдер жүйелі түрде  қарастырылған.   

Қатысты жаңалықтар

Еңбек етсең еленерсің

azatmedia

ТУРИЗМ – ТУҒАН ЖЕРДІ ТАНУ ТЕТІГІ

azatmedia

Жатсынбайтын жаңа ілім

azatmedia