Мыңбұлақ ауылында балалар мен жастардың, ауыл тұрғындарының сапалы әрі жайлы демалысын қамтамасыз етуге арналған «Рахат» жазғы демалыс аймағының ашылу салтанаты өтті.
Жаңа демалыс орнының ашылуына аудан әкімі Нұрмаханов Ерлан Заипұлы арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы бұл нысанның ауыл тұрғындарының белсенді демалысын ұйымдастыруда және салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
— Елді мекендерде халыққа қызмет ететін демалыс орындарының артуы – өңірлік дамудың көрсеткіші. Жұмыстан тыс уақытта жақсы әрі сапалы демалу – адам денсаулығы үшін аса маңызды. Бұл демалыс орны – осы ауылдан шыққан азаматтардың қолдауымен, заман талабына сай жабдықталып, халық игілігіне ұсынылып отыр. Ең бастысы – бұл жер балалар мен жастардың қауіпсіз әрі мәдениетті демалыс аймағына айналмақ, – деді Ерлан Нұрмаханов өз құттықтауында.
Аталған демалыс орны демеушілік негізде, ауыл азаматтарының қолдауымен бой көтеріп, қысқа мерзім ішінде пайдалануға берілді. Бұл – ауыл тұрғындарының өз туған жеріне деген жанашырлығының айқын көрінісі.
Жазғы маусымда «Рахат» демалыс аймағы түрлі мәдени-көпшілік, спорттық және ойын-сауық шараларын өткізуге қолайлы жағдайлармен қамтылған. Сонымен қатар балаларға арналған алаңдар мен тынығу аймақтары да қарастырылған.
Ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.