ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін беруде.
Бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін өркендетіп отырған жандардың бірі – Кентау қаласының тұрғыны Ажар Қалдыбаева. Ол 2023 жылы Мемлекеттік бағдарлама арқылы 8,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Бөлінген қаржыға заманауи тігін және өндірістік құрал-жабдықтар сатып алып, шеберханасының материалдық-техникалық базасын жаңартқан. Соның нәтижесінде өндіріс көлемі артып, тапсырыстарды қысқа мерзімде әрі сапалы орындауға мүмкіндік туған.
Қазіргі таңда кәсіпкердің шеберханасында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Онда ұлттық нақыштағы көрпе, қыз жасауы және тұрмысқа қажетті бұйымдар дайындалады. Өнімдердің сапасы мен қолжетімді бағасы тұтынушылар тарапынан жоғары бағаланып, сұраныс жыл сайын артуда. Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік қолдау кәсібін дамытуға үлкен мүмкіндік берген. Заманауи жабдықтардың арқасында өндіріс тиімділігі артып, жаңа тапсырыстарды қабылдау көлемі де ұлғайған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлерінің ісін кеңейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосып келеді.
