Түркістан қаласында жеке инвестиция есебінен жаңа медициналық нысан бой көтеріп жатыр. Орталық құрылысымен Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев пен қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы және арнайы танысты.
Бекзат секторында орналасқан нысанда ішкі әрлеу жұмыстары аяқталу кезеңінде. Сонымен қатар, заманауи медициналық құрал-жабдықтарды орнату, қажетті инфрақұрылымды жасақтау және білікті мамандарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Екі қабатты, заманауи талаптарға сай бой көтерген медициналық мекемеде тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету үшін барлық жағдай қарастырылған. Орталық іске қосылғаннан кейін тұрғындар МӘМС жүйесі аясында емханаға тіркеліп, бейінді дәрігерлердің қабылдауынан тегін өте алады. Сондай-ақ, зертханалық және диагностикалық тексерулерден өтіп, күндізгі стационар қызметтерін пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Нысанды аралау барысында қала әкімі медициналық қызмет сапасын арттыру – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды бағыты екенін атап өтті. Осыған орай, орталықты іске қосу кезінде барлық құрылыс және медициналық талаптардың толық сақталуын, қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейде ұйымдастырылуын жауапты мамандарға тапсырды.
