Түркістан облысы Ордабасы ауданында тарихи-мәдени туризмді дамытуға серпін беретін маңызды нысан – «Ордабасы сапар орталығы» өз жұмысын бастады.
Орталық ауданға қарасты Бадам ауыл округіндегі Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығы аумағында орналасқан.
Жоба 2020 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен әзірленіп, 2021 жылы құрылысы басталған болатын. Бүгінде заманауи үлгіде салынған нысан ел игілігіне беріліп отыр.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, бұл орталық аймақтың тарихи-танымдық әлеуетін арттырып, келушілерге сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жиында мәдениет қайраткері Шахар Қаназарұлы мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің проректоры Исабек Баршагүл жылы лебіздерін білдірді.
Шараға ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, білім беру ұйымдарының ұстаздары, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы және мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Рәсім барысында нысанның лентасы қиылып, аудандық өнерпаздар әннен шашу шашты. Қонақтар орталықтағы музей экспозициясын аралап, тарихи жәдігерлермен танысты.
Жалпы аумағы 2906 шаршы метрді құрайтын сапар орталығы барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда кеңсе бөлмелері, кітапхана, конференц залы, 16 орындық жатақхана, экспозициялық және қор сақтау бөлмелері бар.
«Ордабасы сапар орталығы» тек туристік нысан ғана емес, өңірдің тарихи жады мен ұлттық бірегейлігін жаңғыртатын маңызды рухани кеңістік ретінде қарастырылып отыр. Мұнда келушілер Ордабасы өңірінің қазақ тарихындағы шешуші рөлімен тереңірек танысып, ұлт азаттығы жолындағы оқиғалар жөнінде жан-жақты ақпарат ала алады. Бұл орталық тарихи сананы нығайтып, жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын күшейтуге бағытталған.
Орталықтың ашылуы Ордабасы ауданының туризм саласындағы әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ендігі уақытта бұл аумақ тек тарихи ескерткіш ретінде ғана емес, ішкі және сыртқы туристерді тартатын мәдени-танымдық маршруттардың маңызды бөлігіне айналмақ. Заманауи инфрақұрылым мен ыңғайлы жағдайлар келушілер легін арттырып, жергілікті экономиканың дамуына да оң әсер етеді.
Сонымен қатар сапар орталығы ғылыми-зерттеу және білім беру бағытында да үлкен рөл атқарады. Мұнда археологиялық және тарихи деректерді жинақтау, жүйелеу, сондай-ақ студенттер мен зерттеушілерге арналған тәжірибелік алаң қалыптастыру көзделген. Бұл бастама ұлттық тарихты терең зерделеуге және жаңа ғылыми еңбектердің жазылуына жол ашады. Алдағы уақытта орталық базасында түрлі мәдени іс-шаралар, көрмелер мен танымдық экскурсиялар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл Ордабасы өңірін тек тарихи орын ретінде ғана емес, рухани және мәдени туризмнің орталығына айналдыруға ықпал етпек. Осындай жобалар арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау жұмыстары да жүйелі түрде жалғасын табады.
