Ақпарат

САУРАНДА ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Бүгін Сауран ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын аудан әкімінің аппаратында ұйымдастырылып, комиссия мүшелері мен жауапты сала өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың, суицид пен ерте жүктіліктің алдын алу, сондай-ақ, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Отырыста алғашқы болып Сауран аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Түймебаев Данияр баяндама жасап, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу бойынша жүргізілген іс-шараларға тоқталды. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары тарапынан жастар арасында профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, тәуекел тобындағы балалармен жеке жұмыс күшейтілген.

Келесі болып сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Әметбеков Ғани мектеп оқушылары арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, тәртіп пен жауапкершілікке баулу бағытындағы оқу-тәрбие жұмыстары жайлы баяндады. Ол білім беру ұйымдарында арнайы жоспарлар аясында түсіндіру жұмыстары мен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп жатқанын жеткізді.

Ал Сауран аудандық емхана басшысының орынбасары Аяғанова Айдана суицид пен ерте жүктіліктің алдын алу шараларына тоқталды. Медицина қызметкерлері тарапынан психологиялық кеңестер беріліп, мектептермен бірлесе отырып скринингтік зерттеулер мен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Комиссия отырысында сөз сөйлеген аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кәмелетке толмағандар арасында орын алатын құқықбұзушылықтар мен әлеуметтік сипаттағы мәселелерге алаңдаушылық білдіріп, бұл бағыттағы жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті. «Әрбір баланың тағдыры – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Алдын алу – ең тиімді әрі ізгі жол. Біз балаларға тек қамқор көзқараспен емес, терең жауапкершілікпен қарауымыз керек» дей келе, ол салааралық бірлескен іс-қимылды үйлестіруді, ата-аналармен тығыз байланысты арттыруды және тәуекел тобындағы балалармен жеке жұмыс жүргізуді тапсырды.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ МОБИЛЬДІ БРИГАДАЛАР САНЫ 200-ГЕ ЖУЫҚТАДЫ

azatmedia

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТӨЛЕБИДЕ ТАЗАЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛІП, ТӘРТІП БҰЗҒАНДАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНУДА

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

azatmedia