Ақпарат

Кедергісіз орта құру – уақыт талабы

2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі Конвенциясын ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты  экономикалық, азаматтық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын толық іске асыру бойынша міндеттемелерді орындауды өз мойнына алды. Мүгедектер күні қарсаңында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаевамен әңгімелескен едік. 


– Әсия Құралқызы, мүмкіндігі шектеулі жандардың бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігі, оларға жасалып жатқан қамқорлық туралы айтып өтсеңіз. Жалпы, өңірімізде мүмкіндігі шектеулі қанша адам бар?

– Түркістан облысында 97 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде бірінші топтағылар – 8 092, екінші топтағылар – 35 408, үшінші топтағылар – 38 568, мүгедектігі бар балалар – 14 942.        

– Әдетте мұндай санаттағы азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен (ОТҚ)  қамтамасыз ету және қызмет көрсету  күрмеуі қиын өзекті мәселе ғой. Оларға әлеуметтік көмек көрсету қалай шешілуде?

– Мүгедектігі бар адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша протездік-ортопедиялық, сурдо-тифлотехникалық, міндетті гигиеналық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторлық-курорттық емдеумен, жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтерімен және басқа да әлеуметтік оңалту құралдарымен және қызметтерімен, оңалту құралдары мен қызметтерін ұсынуға өтініші негізінде мемлекеттік бюджет есебінен қамтамасыз етіледі.Атап айтқанда, Түркістан облысында биыл мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдауға барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 9,2 млрд.теңге қарастырылған. Көзделген бюджет қаражаты шеңберінде қажеттіліктің 90%-ын оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету жоспары бекітілген. 01.10.2023 жылғы жағдаймен қаралған қаржылар есебінен 45 371 техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылды немесе қажеттіліктің 82,5 пайызымен қамтылды.

– Әлеуметтік қызметтер порталы саладағы проблемаларды оңтайлы шешуге септігін тигізіп жүр деп ойлайсыз ба?

– Естеріңізде болса, 2021 жылғы қаңтардан бастап Ұлттық Жоспарда көзделген МБА абилитациялау және оңалту жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді.МБА техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарды (протездік-ортопедиялық көмек, сурдо және тифло-құралдар, кресло-арбалар, міндетті гигиеналық құралдар) және санаторлық-курорттық емдеу, жеке көмекші және ымдау тілі маманы қызметтерін порталда өз бетінше таңдай алады.Порталдың ерекшелігі, оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау құқығы (олардың рейтингін, басқа пайдаланушылардың пікірлерін, құны мен сапасын ескере отырып), оларды алу мерзімдерін қысқарту, бизнес-процестердің ашықтығы, кең ассортимент және неғұрлым қымбат тауар үшін қосымша ақы төлеу мүмкіндігі берілген. Бүгінде порталда 176-дан астам өнім беруші тіркелген.Жүріп-тұруы қиын, кресло-арбамен және жеке көмекшінің қызметтерімен қамтамасыз етуге көрсеткіштері бар бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға қолдаудың қосымша шарасы ретінде «инватакси» қызметтері көрсетіледі. Облыс бойынша 50 инватакси және 47 әлеуметтік такси жергілікті бюджет қаражаты есебінен тасымалдау қызметін көрсетеді. – Жоғарыда аталған конвенцияның қазіргі талаптарының бірі мүгедектігі бар жандар үшін кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта құру еді. Облыста бұл талап қаншалықты орындалуда?– Жылдың басында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін облыс бойынша 776 нысанда бейімдеу жұмыстарын жүргізу көзделген болатын. Биылғы 1 қыркүйекке  дейін нақты 668 нысан бейімдеуден өтті. Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта қалыптастыру шараларын зерделеу мақсатында әр аудан, қала деңгейінде мониторингтік жұмыс тобы құрылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «қолжетімділіктің интерактивті картасын» әзірлеп, іске қосты. Бұл карта онлайн-режимде паспортталған және бейімделген нысандар бойынша ақпарат енгізуге, олардың бейімделу дәрежесін көруге және әрбір нысанға жүргізілетін бейімделу сапасын бағалауға мүмкіндік береді.

– Бірінші топтағы мүгедектігі бар жандарға жеке көмекші қызметін тағайындау жайы қалай шешілуде?  

– Бұл мәселе осы жазда шешілді. Жеке көмекшілерге енді жалақы төленетін болды. Жеке көмекшілердің институты Қазақстанда халықаралық тәжірибеге сәйкес мүгедектігі бар адамдардың қоғамда еркін жүріп-тұруы мақсатында енгізілді. Жеке көмекші – жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды бірге алып жүру және нысандарға барған кезде көмек көрсету бойынша әлеуметтік қызметтер көрсететін адам. 2023 жылға жеке көмекшінің бір сағаттық қызметіне 470,58 теңге бекітілген. Қағидаларға сәйкес жеке көмекшінің қызметтеріне ақы күніне 8 сағаттан артық емес уақыты үшін жұмыспен қамту бөлімдері арқылы төленеді. Ақы төлеу Қағидалармен бекітілген нысандарға сәйкес ілесіп жүру парағының және көрсетілген қызметтер актісінің негізінде ай сайын жүргізіледі.

– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан С. ЖЕКСЕНБАЕВ

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САЙРАМДА 300 АДАМҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНДЕ ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

azatmedia

МАҚСАТ – ТҮРКІСТАНДЫ ТӨРТ ҚҰБЫЛАМЕН ТЕҢЕСТІРУ

azatmedia