Жетісай ауданы тұрғындарының түрлi тақырыптағы арыз-шағымдарына партия атынан қандай да бiр көмек көрсету, мәселелерiнiң шешiлуiне мүмкiндiгiнше ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Қырықбаев Темір Базарбайұлы «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров бөлім басшылары, қала мен ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары қатысты.
Қабылдауға келушілер мәжілісменге медициналық пункттер мен мектептер салу, газдандыру және балалар ойын алаңшаларын салу, интернет сапасын жақсарту және материалдық көмек көрсету секілді мәселелерді көтеріп, құқықтық кеңестер алды. Мәселелері бойынша жазбаша өтініштерін өткізді.
Сондай-ақ, Темір Базарбайұлы аудандағы мемлекеттік және жекеменшік мектептердегі білімнің сапасы, директорлар мен ұстаздардың біліктілігі, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен оны арттырудың негізгі тетіктері бойынша кеңінен әңгімелесіп, ұсыныс-пікірлерді талқылады. Сұрақтарға жауап беріліп, өтініштер жазып алынды.