Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Айсұлтан Назарбаевтың мезгілсіз қазасы елдегі басты әулеттің төңірегінде кейінгі кезде жүріп жатқан сарай тартысының бір бөлігі тәрізді.
Айсұлтан Назарбаев 30 жасқа толуына екі апта қалғанда өмірден өтті.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі көзі тірісінде шалқып өмір сүрді.
Айсұлтан 16 тамызда Лондонда жүрек талмасынан қайтыс болды деген ақпарат Қазақстандағы бірінші әулеттің төңірегінде жүріп жатқан сарай шытырманының соңғы бір тарауы болды.
Айсұлтан – бұрынғы авторитар президенттің бір кезде өте ықпалды болған үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның мамандығы дәрігер күйеуі марқұм Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Әлиев бірінші әулетке жақындығының арқасында тасы өрге домалап, мансабы шарықтап, мол дәулет жинаған.
Кейінгі жылдары есірткіге көп әуес болған Айсұлтан жақында Қазақстандағы саясат туралы, соның ішінде өзінің әйгілі отбасы туралы бірталай құпия мәліметті жұртқа жайды. Көбі ойдан шығарылғандай көрінгенімен, кейбірі қисынға келетін бұл мәліметтер елдің ресми тұлғаларын да, отбасы мүшелерін де жайсыз жағдайға тап қылды.
Бес жыл бұрынғы әкесінің өлімі қандай жұмбақ болса, қазір Айсұлтанның қазасы да көп жұрттың көкейінде жауапсыз сұрақ қалдырды.