Ақпарат

ДЕПУТАТТАР ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау алаңында облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов, Бахыт Басымбек облыс тұрғындарына жеке қабылдау өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдады. Қабылдауды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Манат Жадақова жүргізіп отырды.
Сауран ауданының тұрғыны Шыңғысхан Сыздықов Түркістан қаласында халық санының күн өткен сайын көбейіп жатқанын ескеріп, қосымша халыққа қызмет көрсету орталығына қажеттілік туып отырғандығын жеткізді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Бахыт Басымбек өтініш иесіне орынды сауал қойып отырғанын айтып, Түркістан қаласында халық саны көбеюіне байланысты 2025 жылы жаңа ХҚКО ашу жоспарда бар екендігін хабарлады. Саурандық азамат сонымен бірге, халыққа қызмет көрсету орталықтары автотұрақтарының шағын екенін, осыны ескере отырып мүгедек азаматтарға арналған көлік қоятын тұрақ санын азайтуды ұсынды. Облыстық мәслихат депутаты Бахыт Мүсірәліұлы аталған ұсыныс негізінде мониторинг жүргізіп, қажеттілікке қарай жұмыс жүргізетінін жеткізді.
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылынан келген қариялар Қалмұхаммед Әбдіжаппаров пен Шаратулла Омаров 20 мың тұрғыны бар Қарнақ ауылына халыққа қызмет көрсету орталығын салу мәселесін көтерді. Бахыт Мүсірәліұлы алдағы аптада Қарнақ ауылында болатынын, тұрғындар өтініші негізінде егер қажеттілік туындап жатса, сонымен бірге ғимарат мәселесі шешілсе, ХҚКО-ын ашып беруді қарастыратынын айтты.
Қоғамдық қабылдауға бірқатар азамат алдын ала онлайн түрде жазылып, тікелей байланысқа шықты. Сарыағаштық Гүлзинат Бекжанова Панфилов атындағы №16 жалпы білім беру мектебі оқушыларының көптігінен білім ұясының бүгінде 3 ауысымға өткенін, жаңа мектептің қажеттігін сұрайды. Облыстық мәслихаттың Сарыағаш ауданынан сайланған депутаты Алмас Салимов өтініш иесін мұқият тыңдап, бұл мәселеден хабары бар екенін түсіндірді. «Сарыағаш ауданы бойынша 2023-2025 жылы жоспарға сәйкес 10 Жайлы мектеп салу жоспарланған. Қазіргі таңда 4 Жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Көктерек кентіндегі 600 орындық жайлы мектеп келер жылы салынды деп күтілуде. Яғни, тізімде сіз айтып отырған мектеп бар»,-деп жауап берді Алмас Алтайұлы.
Онлайн байланысқа шыққандардың бірі — Ербол Ережепов Жаңаталап елді мекеніне амбулатория салу мәселесін көтерді. Алмас Алтайұлы Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округі әкімінің шешімі негізінде Жаңаталап елді мекені аумағынан Дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу мақсатында 0.35 га жер телімі бөлініп, жобалау құжаттары дайындалып, бүгінде сараптама қортындысы алынғанын айтты. Енді құрылыс жұмыстарын бастау үшін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына ұсынылғанын хабарлады. Бұйырса шешімін тауып қалар күн жақын.
Тегісшіл ауылынан хабарласқан Сүйіндік Төлеміс Сарүйсін каналын бетондау жұмыстарына ықпал етуін өтінді. Облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов тұрғынның сауалына 27 шақырымды құрайтын Сарыүйсін каналын бетондау өте көп қаражатты талап ететіндігін түсіндірді. Дәл қазіргі уақытта арықтарды шөптерден, шөгінді лайдан механикалық тазалау жұмыстары жүргізілгенін, алдағы уақытта бұл мәселені назарда ұстайтынын хабарлады.
Сондай-ақ, қоғамдық қабылдау барысында бұдан өзге де, Сарыағаш ауданы бойынша дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйін салу, Түркістан қаласындағы кейбір көшелердегі үлкен ойықтардың автокөліктер мен жаяу жүргіншілердің өміріне қауіп төндіріп жатқандығы туралы да сауалдар қойылды. Азаматтарды тыңдаған облыстық мәслихаттағы партиялық фракция мүшелері барлық сауалдарға нақты жауаптарын беріп, бақылауда ұстайтындықтарын жеткізді.

Қатысты жаңалықтар

ЕҢБЕКТЕН АЛЫСТАУ МАСЫЛДЫҚТЫ АРТТЫРАДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАННАН БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНА 200 ТОННАҒА ЖУЫҚ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КЕРУЕНІ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

azatmedia

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

azatmedia