Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Асықата кентінде «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан заманауи теннис орталығы мен «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналында болды.
1 гектар аумақта салынып жатқан құны 1 млрд теңгені құрайтын теннис орталығында бір мезетте 200-ге тарта адам жаттыға алады. Жаттығушыларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 2 жаттығу залының біріне 9 теннис үстелі, екіншісіне 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары, сонымен қатар, ерлер бөлмесінде 15 төсектен және әйелдер бөлмесінде 15 төсектен тұратын әкімшілік блок орналастырылады.
Өткен жылы қазығы қағылған кешен биыл қолданысқа берілмек. Ауданда алғаш рет салынып отырған орталық пайдалануға берілген соң республикалық, халықаралық байрақты бәсекелерді өткізу мүмкіндігі туады.Сонымен қатар, мәжілісмен аграрлы ауданның жазғы суғару барысымен, Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеруге есептелген «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналының жай-күйімен танысты.
Сала мамандары соңғы жылдарда аудандағы өзекті мәселеге айналған ағын су мөлшерінің тапшылығы мен биылғы метеожағдайға байланысты орын алған жағдайлар негізгі табыс көзін агросектордан алатын аймақ шаруаларының алаңдаушылығын тудырып отырғанын жеткізді.
Одан бөлек, тозығы жеткен ағын су тарату каналдарының жөндеуден өтпеуінің салдарынан ағын су мөлшерінің көп бөлігі жерге сіңіп, буланып немесе жерасты суларының тартылып кетуі салдарынан ойдағыдай өнімге қол жеткізілмей жатқандығы да сөз болды.
Аудандағы ағын су тапшылығын оңтайлы шешу, қажет болған жағдайларда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеруге есептелген «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналын еш кедергісіз қосу мәселелерін Парламент деңгейінде көтеріп, жауапты министрліктер мен комитеттерге депутаттық сауал жолдайтынын, сондай-ақ, салааралық сараптама негізінде нақты ұсыныстар әзірленетінін жеткізді.
Мәжілісменнің ауданға жасаған іс-сапары тұрғындармен тікелей диалог құруға, инфрақұрылымдық жобаларға мониторинг жасауға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өңірдің су ресурстары мәселесіне нақты көңіл бөлуге, «AMANAT» партиясының сайлауалды міндеттеріне сай халықтың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік жобалардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталды.