Түркістан қаласының тұрғындарының назарына нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресі туралы ақпараттарды ұсынамыз.
Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күресте болашақта жақсы нәтижеге жету үшін, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығының негізінде, ең алдымен уәкілетті мемлекеттік органдармен нашақорлыққа қарсы қоғамдық корғаныс қабілетін әлеуметтік иммунитетті қалыптастырудың маңызы зор. Қылмыстар мен зұлымдық атаулының туындауына әкеліп соқтыратын нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күреске тиімді шараларды үздіксіз жүргізіп отыру басты міндет.
Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізу үшін мемлекет билігі де барлық қолдан келетін жұмыстарын күшейте түсуде. Соның дәлелі ретінде айтар болсақ, Үкімет Қаулысымен ҚР-ның нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Құжат Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында әзірленген.
Кешенді жоспар нашақорлықпен және есірткі бизнесімен тиімді күресу үшін қажетті бірінші кезектегі шараларды ескере отырып, қазіргі нашақорлыққа қатысты ахуалды талдау негізінде әзірленді. Оны дайындау барысында психоактивті заттардың жаңа түрлерінің үлесі артуы, есірткіні өндіру, тасымалдау және тарату әдістерінің өзгеруі, белсенді түрде енгізіліп жатқан қазіргі әлемдік есірткі саясатының ерекшеліктері ескерілді (Darknet, мессенджерлер, криптоәмияндар және т. б.).
Құжат сарапшылар ортасында және түрлі пікірталас алаңдарында кеңінен талқыланды. Оның негізгі мақсаттарының бірі – қоғамның, азаматтық институттардың және барлық мемлекеттік органдардың нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізілетін жұмыстарының сапасын арттыру және жалпы нашақорлар санын азайту бойынша күш-жігерлерін біріктіру.
Елімізде синтетикалық заттарды жасырын өндіру жағдайлары жиі анықталып жатыр. Апиынды, оның ішінде Ауғанстаннан «Солтүстік бағыт» деп аталатын транзит арқылы тасымал, каннабис тобының есірткі заттарының айналымы, сондай-ақ «дәріхана» нашақорлығы өзекті проблемалар болып отыр.
Қабылданған Жоспар аталған бағыттар бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған.
Құжат заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді, заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыруды, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуді, қазақстандық қоғамда нашақорлық деңгейін төмендетуді көздейді.
Нашақорлықтың алдын алу, емдеу, нашақорларды оңалту жүйелерін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға баса назар бөлінеді. Есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту бойынша шаралар кешені қарастырылған. Бұл жаңа сын-қатерлер мен қауіптердің дереу алдын алуға мүмкіндік береді.
Емдеу-сауықтыру орталықтарын жаңғырту және жаңаларын ашу жұмыстары жүргізіледі. Ұшақ пен ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды пайдалана отырып, адам аз жүретін аумақтардағы жасырын есірткі зертханалары мен плантацияларды жою шаралары қабылданды. Жоспар шекаралық өткізу пункттерін дәрілік заттарды, прекурсорларды және дәріхана зертханаларына арналған жабдықтарды анықтауға арналған скринингтік құралмен қамтуды көздейді.
Бұдан бөлек, жаңа синтетикалық препараттарды, сондай-ақ азаматтарды медициналық куәландыру аясында алынатын қан үлгілері мен басқа да биоматериалдарды зерттеуді жеделдету үшін сот сараптама органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Кешенді жоспарда аталған шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлу қарастырылған.
Ал енді, нашақорлықтың зияны туралы азды-көпті мәлімет бере кетсек. Әр қоғамның өзiнiң бас ауыртар iрi-iрi мәселесi болады. Қоғам өркендеп адам ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт кесел де ғаламаттай қуаттанып, бой бермес бас асаудай күшейе түсетiн түрi бар. Өкiнiштiсi сол қарап отырсаңыз осындай ем қонбайтын кеселдi, дерттердi адамдар өздерi ойлап табады. Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Бұл «жұқпалы ауруға» Қазақстан да шалдыққан. Ол уақыт озған сайын асқынып бара жатыр деп айтуға болады. Оған әр түрлі себептері бар. Ең негізгісі – есірткі және психотроптық заттарға қол жетімділік. Бұған дәлел күн сайын әр-түрлі есірткі немесе психотроптық заттармен ұсталғандар жәйлі ақпарттар. Есірткі заттарды қолданатындардың басым көпшілігіне — мектеп жасындағы бойжеткендер мен бозбалалар жатады. Өйткені жасөспірімдер еліктегіш келеді, сондықтан бір рет есірткіні қолдансам ештеңе ете қоймас деп, қалай нашақор болғанын білмей қалады. Ал есірткінің қармағына бір іліккен адам, одан оңай құтылып кете алмайды. Нашақорлық дертіне шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсіп өзінің денсаулығын, өмірін құртып қана қоймай, жақындарының, қоршаған адамдардың өміріне де қауіп төндіреді.
Нашақорлық – есірткі заттарына паталогиялық құмарлық. Нашақорлық– бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар көбейіп келеді. Нашақорлық–жеке тұлғаның толық бұзылуы. Нашақорлықты емдеумен айналысатын мамандар оны «биопсихоәлеуметтік рухани» бұзылыс деп атайды. Яғни есірткіге тәуелді адам бірте-бірте өзін-өзі сыйлауды жоғалтады: өзінің адамгершішік қасиеттерін жояды, психикасы қалыпты болмайды, достарынан, отбасынан айырылады, мамандық ала алмайды және қоршаған адамдарға, өзіне зиян келтіреді.
Есірткілер немен қауіпті?
Есірткілерді тұтыну психикалық және тәндік тәуелділікке, адам тұлғасының кейде азғындалуға дейін өзгеруіне, денсаулығының нашарлауына (ауруларға және асқынуларға) әкеліп соғады және өміріне қауіп төндіреді.
Есірткі тұтынатын жасөспірімдер мен жастар өздерін қоғамға және Заңға қарсы қояды, олардың болашағы жоқ. Нашақорлыққа шалдыққан науқас өмірінің орташа ұзақтығы 2-3 жыл.
Нашақорлық қоғам дерті. Нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді. Бұл жерде заң сақшылары нарколог мамандар, ата-аналар және сіздер мен біздер әрбір Қазақстан азаматы шетте қалмау керек. Ғасыр дертімен күресу керек. Дүниедегі ең қымбат нәрсе ол сенің өмірің. Сенің өмірің ол өз қолыңда.
Олай болса достар, денсаулығымызға зиян келтіретін нәрселерден, жаман әдеттерден аулақ болайық. Адам баласының жаман әдеттерден аулақ болуы ол өзін-өзі тәрбиелей білуі, өз денсаулығын қорғай білуі, адамдық қасиетін жоғалтпауы деп есептеймін. Біздің тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі болатын ол қазіргі жас ұрпақ, сол мемлекетімізді биік шыңдарға жеткізу, халқына қызмет ету тек қана дені сау жастарымыздың қолынан келеді.
Нашақорлық туралы қаншама айтылып, көрсетіліп жүрсе де, оның азаймағаны рас. Сондықтан бұл дертпен жалғыздықта күреспей, ел болып, халық болып біріге күрессек қана оның алдын ала аламыз. Нашақор жандардан дүниеге дені сау перзент келуі екі талай, себебі есірткі дүние есігін әлі ашпаған, іште жатқан сәбидің ағазаларың улайды, сондықтан жастар ойланайық, болшақ ұрпағымыздың өміріне балта шаппайық.
Нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу,оның алдын алу — біздің қолымызда, себебі біздер жаңа дәуірде елімізді сақтайтын жігерлі, мықты, денсаулығы зор ұрпақ жалғастыратын қазақ елінің салауатты ұрпағымыз. Кішкентай ғана аз ғұмырымызда тұңғиық түбіне батпай, ата-бабаларымыз бізге аманат еткен тәуелсіз еліміздің көк туын төмен түсірмей, біріге көкке көтерейік.
Айта кетейік, есірткі мен нашақорлыққа қарсы алдын-алу жұмыстарын атқару, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, үгіт насихат жұмыстарын жүргізу, еліміздің болашағы — жастарды нашақорлық індетінен аластату барлық мүдделі органдардың міндеті.