Ақпарат

АЙМАҚТАРДЫҢ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛУЫ ЖӘНЕ ЭНЕРГИЯДАН ТАПШЫЛЫҚ КӨРМЕУІ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

«AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің бүгін өткен кезекті жұмыс жиынында республика аумақтарын газбен қамту жұмыстарының атқарылу барысы және АЭС салудың қажеттілігі мәселесі қаралды. Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиевтің төрағалығымен өткен жұмыс жиынына кеңес мүшелері, салалық министрліктер мен орталық ұйымдардың жауапты басшылары, Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракция депутаттары қатысты.Республика өңірлері кеңестің отырысына бейнебайланыс режимі арқылы қосылды. Селекторлық форматта өткен мәжіліске «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбеәлиев, партия филиалы жанындағы Өңірлік даму кеңесінің төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Серманизов, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков, партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.Жиынның күн тәртібінде қаралған республика аймақтарын газбен қамту жұмыстары бойынша Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтың хабарламасы тыңдалды. Салалық министрлік берген ақпаратқа сәйкес, газбен қамту жобаларына қаралған қаржы 2018 жылмен салыстырғанда, 10 есе артқан. Мәселен, 2018 жылы бұл бағытта 22 жоба қаржыландырылса, 2024 жылы мемлекет қаржыландыратын жобалардың саны 200-ге жеткен. Осы кезеңде табиғи газбен қамтылған тұрғындардың саны 44,6 пайыздан 61,8 пайызға жеткен.Сондай-ақ жиын барысында Қазақстандағы газ тасымалдау жүйесінің ұзындығы 20,8 мың шақырымға жеткені айтылып, «Ақтөбе-Қостанай», «Жаңаөзен-Ақтау», «Бейнеу-Бозой-Шымкент», «Сарыарқа» газ магистралдарының қосымша желілерін салу қарқын алғаны жөнінде мағлұмат берілді.Осы мәселе жөнінде қосымша хабарлама жасаған «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсанов ұлттық компания тарапынан газ тасымалдау жүйелерін модернизациялау мен өткізу қабілетін кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жобаларды баяндады. Компанияның инвестициялық жобалары мен жекеменшік газ бөлу ұйымдарымен ықпалдастығы туралы есеп берді. Ішкі нарықта тауарлы газдың тарифін қалыптастыру мәселесі жөнінде айтып өтті.Тауарлы газ тарифінің қалыптастырылуында Түркістан облысының тұрғындары мен кәсіпкерлері арасында үлкен сұрақ бар екенін партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму кеңесінің төрағасы Бақытжан Серманизов атап өтті. Бір-біріне жақын орналасқан облыстарда тауарлы газ бағасында едәуір айырмашылық бар екенін алға тартқан Бақытжан Қыпшақбайұлы, бұл мәселеде республиканың барлық өңірлеріне ортақ бірыңғай тарифке көшу жөніндегі ұсынысын білдірді.Тұрғындарды газбен қамту саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Астана қаласының, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл облыстары әкімдерінің орынбасарлары есеп берді.Жиынның күн тәртібіне қойылған екінші мәселе – атом энергетикасына көшудің тиімділігі туралы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов хабарлама жасады. Бүгінгі таңда елімізде тұтынатын электр энергиясы қуатының 66 пайызы – көмір станцияларында өндірілетінін атап өткен ведомство өкілі, бұл станциялардың тозу деңгейі 70 пайызға жеткенін айтты. Жаңартылмалы энергия көздерінен қуат өндіретін кәсіпорындардың саны 148-ге жеткенін, ол ішкі қажеттіліктің 6,5 пайызын ғана өтеп отырғанын түсіндіріп өтті. Тұрақты әрі экологиялық таза энергия өндіруде атом электр станциясына балама жоқ екендігін айтып, экономикадағы энергияға деген сұранысты өтеуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Бүгіннің өзінде еліміздің оңтүстігі энергия тапшылығын айқын сезініп жатқанын айтты.Осы мәселе жөнінде пікір білдірген Парламент Мәжілісінің депутаттары салалық министрлік, ядролық физика институттарынан халық арасындағы түсіндіру жұмыстарын атқаруда салынатын АЭС-тің технологиялық қауіпсіздігін қамтуда қандай шешімдер қабылданатынын халық түсінетіндей қарапайым тілде жеткізулері керектігін айтты. Тұрғындар бұл бастаманы қолдайтындықтарын айта отырып, атоммен байланысты үрей мен фобияларды еңсеруде мамандар тиянақты пікірлерімен кеңінен бөлісіп отыруы қажет деген ойларын жеткізді. 

Қатысты жаңалықтар

«AMANAT-AQYLMAN» ОЙЫНДАРЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

azatmedia

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ
АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ V СЕССИЯСЫ ӨТТІ

azatmedia

АҚСАҚАЛДАР ЖӘНЕ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ БІРЛЕСКЕН III ТОҚСАНДЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

azatmedia