Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысы өтті.Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Алқалы жиынға қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ басшылары және сарапшылар қатысты. Жиын барысында бірнеше өзекті мәселелер талқыланды.«Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет», деді Президент.Мемлекет басшысының айтуынша, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту, масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы.«Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет. Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет», – деді Президент.Бүгінде елімізде «Масс-медиа» деп аталатын жаңа заң тұжырымдамасы қоғамда кеңінен талқыланып жатқаны белгілі. Жобада бірқатар жаңашылдықтар бар. Мәселен журналистке берілетін «баспасөз картасы» мен ақпарат саласындағы жұмыстарды, қарама-қайшылықтарды реттеу үшін кәсіби қоғамдық кеңес құру көзделген.Сондай-ақ, баспасөзге жазылу мен пошта қызметін субсидиялау, мемлекеттік тапсырыстарға грант енгізу мәселелері қамтылып, журналистік сұрау салу мерзімін жеті күннен бес күнге қысқарту ұсынылған. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстегі «Журналистің жұмысына кедергі келтіру» бабын Әкімшілік кодекске ауыстыру мәселесі қарастырылған. Осы бағытта Түркістан облысындағы журналистер арасында заң жобасын талқылау жиындары өткен болатын. Жалпы жаңартылатын заң жобасы БАҚ өкілдері үшін маңызы зор болмақ. Бұл орайда, бүгінгі Ұлттық құрылтай қоғамдық талқылауға қозғау салып, БАҚ-тың бәсекеге қабілетті болуына зор серпін беретіні анық.
Райымжан Әлібаев,Түркістан облыстық «Жанубий Қозоғистон» газетінің бас редакторы