Бүгін «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жұматұлы Жылқыбаевтың төрағалығымен партияның филиалдарымен кеңейтілген отырысы болып өтті, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Бейнебайланыс арқылы өткен жиында облыстық партия филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев депутаттық корпус тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндап, партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы тармақтарының орындалуын және сайлаушылардың өтініштері бойынша қолға алынған жұмыстар жөнінде ақпар берді. «Есепті мерзімде, фракциялардың 53 отырысы өтіп, 81 мәселе қаралды. Өткізілген отырыстарда тиісті мемлекеттік органдарға 97 ұсыныс жолданды. Отырыстарда облыс, қала және аудан әкімдері орынбасарларының, басқарма, бөлім және мекеме басшыларының есептері тыңдалды»,- деп атап өтті Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Сондай-ақ, жиын барысында облыстық Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимовтың есебі тыңдалып, партия өкілдерінің құрылыс нысандарын бақылаудағы жұмыс көрсеткіштерін айтып өтті. Комиссия тарапынан Жол картасындағы бірқатар іс-шаралар бойынша жұмыстарды қарқындату жөнінде жергілікті атқарушы органдарға нақтылы ұсыныстар беріліп, олардың орындалуы бақылауда болғанын мәлімдеді. Оның ішінде партиялық бақылау комиссиясының өкілдері облыс көлемінде құрылысы жүргізіліп жатқан спорт нысандарының жай-күйін талқылауға арналған арнайы жиын өткізгенін хабарлады.
Мәжілісте партия хатшысы жиынға онлайн форматта қатысқан аумақтық партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшыларының да есептерін тыңдап, әр аймаққа ортақ мәселелерді талқыға салды. Жиын барысында Ержан Жұматұлы партиямыздың атынан өкілдік ететін депутаттармен жұмыс жүргізу өте маңызды міндет екенін айтып, тиімді жұмыс тәсілдерін ұстану бойынша бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде жергілікті қоғамдық саяси ахуалды бақылауда ұстау, сайлаушылармен мейілінше жақын болып, олардың талап-тілегін тыңдап, өзекті мәселелердің шешімін табуына үлес қосу жәйттері бар. Сонымен бірге, депуттық қызметте жариялылықты ұстануды, ақпараттық белсенділікті көтеруді және тұрғындарға елімізде жүргізіліп жатқан саяси экономикалық реформалардың түпкі мәнін түсінікті жеткізуді қамту жүктелді.
«Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аумақтардың санитарлық тазалығын сақтау барысында халықтың экологиялық санасын көтеру, туған жерге қамқорлық таныту сынды мәдениетті қалыптастыратын істерден депутаттар шет қалмауы керек. Жалпы депутаттар партияның құрылымдарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізуі тиіс. Әрбір депутаттың жеке белсенділігі, партия бастамашыл болған шараларға қатысып отыруы, партиялық жобаларды іске асыруға үлес қосуы ерекше назарға алынатын болады»,-деп атап өтті партия хатшысы Ержан Жұматұлы.Жергілікті партия филиалдарына депутаттық корпуспен ықпалдастығы арттыруды тапсырды.