Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы аграрлық сектордың мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетовтың төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру барысы қаралды.
Жиынға республика өңірлеріндегі партия филиалдары ZOOM платформасы арқылы қосылып, облыс әкімдерінің осы мәселелерге жетекшілік ететін орынбасарлары, партияның өңірлік филиалдарының басшылығы, партия филиалдары жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері бойынша өңірлік кеңестер мен «Жер аманаты» өңірлік комиссияларының төрағалары қатысты.
Онлайн форматта өткен республикалық кеңес отырысына партияның Түркістан облыстық филиалы қосылып, жиынға партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген, облыстық партия филиалы жанындағы экологиялық кеңестің төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Райымбеков қатысты. Жиында жайылым жерлерді пайдалану мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, белгіленген жоспарлық көрсеткіштердің орындалуы қаралды.
Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының деректеріне сәйкес, өңірдің жалпы жер қоры 11610,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, ауыл шаруашылық мақсаттары бойынша санатындағы пайдаланатын жерлері 4469,5 мың гектар болса, ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері – 430,4 мың гектарды, орман қорының жерлері – 3029,7 мың гектарды құрайды.
Жайылым жерлердің тапшылығы мәселесін шешуде биылғы жылы қоғамдық жайлым көлемін 304,0 мың гектарға ұлғайту жоспары бекітілген. Бұл жұмыстарды екі бағыт бойынша жүргізу жоспарланған. Оның бірінші бағыты шеңберінде, қоғамдық жайылымға қайтару жұмыстары бойынша, жалпы 64,0 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары белгіленіп, атқарылуда. Ал екінші бағытыты бойынша шалғайдағы маусымдық жайылымдарды ұйымдастыру, мал бордақылау алаңдары ашу жұмыстары белгіленген. Жайылымдық жерлердің тапшылығын еңсеру мәселесі «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының тұрақты бақылауында және жоспардың орындалуы өңірлік партия филиалының айрықша назарына алынған.