Түркістан қаласында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Алматы қаласындағы Корея Республикасының Бас консулы Ха Тэ Укпен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және медицина салаларындағы өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Қанат Қайыпбек Түркістан облысының инвестициялық және туристік әлеуеті тоқталып, шетелдік инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы ақпарат берді.
– Корея Республикасы – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Түркістан облысы халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі – Корея Президентінің Қазақстанға сапары аясында Түркістан облысы әкімдігі мен Корея халықаралық сауда қауымдастығы – KITA арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы. Былтыр Түркістан қаласында Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – «WOOSONG» университетінің филиалы ашылды. Сонымен қатар «Doosan Enerbility» компаниясымен бірлесіп қуаттылығы 926 МВт болатын бу-газ электр станциясын салып жатырмыз. Түркістан облысы экономиканың түрлі салаларын дамытуға қолайлы климаттық жағдайларға ие. Біз өңірімізде өз бизнесін дамытуға ниетті барлық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа үміт артамыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Кореяның Бас консулы екі ел арасындағы, әсіресе, өңірлер арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға қызығушылық білдіріп, ресми жұмысқа орналасу, тіл үйрену, өндіріс орындарын ашу, туристік пакеттер ұсыну сияқты ұсыныстарын жеткізді.
Түркістан облысы – даму әлеуеті жоғары аймақ. Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Негізгі инвестициялық алаңдар қарастырылған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта нақты жобаларды бірлесіп іске асыруға және серіктестікті одан әрі кеңейтуге уағдаласты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
