Соңғы жаңалықтар

Қанға ұласқан қызғаныш – күдікті іздестірілуде

Алматы облысында сөз салған қызы қарамай қойғаны үшін жас жігіт мылтықпен сойқан салған. Қыз қонаққа барған үйдің қожайынына оқ атып, балаларын қорқытқан. Ал жараланған азаматтың ауруханада аяғын кесуге тура келіпті, – деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қазір ол жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Ал айдың-күннің аманында бүлік бастаған күдіктінің аты-жөні белгілі болғанымен, полиция әлі таппай жатыр.

– Адамды атып кетіп, отыр, үйіне кіріп, мына жердің бәрі қан…

Бұл қырғыннан кейінгі көрініс. Шашылған гильза, көл болған қан. Салтанат Сұлтановаға өткен сенбінің түні қорқынышты түстей. Сыртта атылған мылтықтың дауысын естіп, араша түсем деген жары Хитқожа Қайырбаевқа оқ тиіп, есік алдына омақаса құлаған.

Салтанат Сұлтанова, жәбірленуші:

– Күйеуімді мына жерде жайдан-жай атып кетті. Оны құтқарамын деп жүргенде, өзімді жағамнан бұрап ұстап алды. Оны мен жан айбатпен қашып үлгердім. Ол құдаша, сонымен неше жыл сөйлескен, сөйлескеннен кейін басқа жігітке тұрмысқа шығайын деп жатқан. Сол нашақор жігіт келіп, өш алайын деген шығар деп ойлаймын.

Өзіне қарамай өзгенін қолын ұстаған аруға ашуланған есер сезімді сойқан қызғанышты қарумен шатастырып алғандай. Үй иесін атқаннан бөлек, ішке кіріп ойранды әрі қарай жалғастырыпты. Бұл есіктегі тесік сол жігіттің қолтаңбасы. Қапелімде қайтерін білмей сасқандар кішкентай балаларымен үй артындағы шарбақтан секіріп қашқан.

Әсел Қайырбаева, жәбірленушінің қызы:

– Әрең дегенде жармасып жүріп, әйтеуір бірдеңе қылып шарбақтан секірдік. Балаларды алып лақтырдық, жерге қарай. Екінші сіңлім секіріп жатқан кезде қолы кесіліп, сіңірі үзіліп кеткен.

Қолына қару алып бүлік салған күдікті алдымен есіктен кірмек болған. Іштен жабық болған соң, атқан. Ол әрекетінен түк шықпаған соң, қаңылтыр шарбақты теуіп ішке басып кірген. Қабырғаның бәрі оқтан шұрық-тесік. Жалпы оқиға орнында бас-аяғы 17 оқты санаған. Күдіктінің аты жөні – Абылай Мадалиев. Тәртіп сақшылары Қаскелең қаласындағы мекенжайынан таппаған соң, іздеу жариялады. Оқыс оқиға болған Шалқар ауылының тұрғындары бұл жігіттің «жалғанды жалпағынан басуы» бірінші рет емес, әкесінің арқасында үнемі сытылып кетеді дейді. Әзірге оны іздеу оң нәтижесін бермеді.

Ақбота Қуанышбекқызы, Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі:

– Аталған қылмысты тексеру барысында Қаскелең қаласының 29 жастағы тұрғыны анықталды. Қазір оны қолға түсіру бойынша жедел іздестіру шарасы жүргізілуде. Істің себептері мен мән-жайы анықталатын болады.

Құдашасы үшін оққа ұшқан бір үйдің отағасы Хитқожа Қайырбаев Қаскелеңдегі аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Көп қан жоғалтқан. Жарақаты ауыр болғандықтан, сол аяғының жартысы кесіліпті.

Алтай Достияров, Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасы КМК жарақат бөлімінің меңгерушісі:

– Ауруханаға түскенде барлық ем-дом жасалды. Ота жасалды. Ауруханамызда қанға қажет компоненттер бәрі бар. Жағдайы әлі ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.

Қырғынға себепкер болған құдашаның өзі әңгімеден ат-тонын ала қашты. Ал махаббат машақатымен қылмысқа барған жігітке қатысты «Адам өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғалды.

Қатысты жаңалықтар

Сайлау күні қоғамдық пікірге сұрау салуды
кімдер жүргізетіні белгілі болды

azatmedia

Ел ішінде тұрақтылық пен келісімді сақтау

azatmedia

Ресейде «Путин ұры» деген мыңдаған астам адам ұсталды

azatmedia