Ақпарат

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА ӨНДІРІСТІК ПАРКТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Мақтаарал ауданында индустриялық әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында өндірістік парктың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жоба аясында жалпы аумағы 2 гектар жер телімі бөлініп, өндірістік мақсаттағы 5 ангардың құрылысы қолға алынған. Құрылыс жұмыстарын «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС-і жүргізуде.

Өткен аптаның соңында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков нысанға арнайы барып, құрылыс барысымен толық танысты. Жұмыс сапасы мен қарқынын бақылауға алды. Оның айтуынша, барлық құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

Қазіргі таңда өндірістік парктегі 5 ангардың 2-еуінде жабын жұмыстарын жүргізу кезеңі басталған. Жобаны 2026 жылдың 1 мамырына дейін толық аяқтау жоспарланған. Белгіленген мерзімде өндірістік парктің инженерлік инфрақұрылымы мен барлық құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысан пайдалануға беріледі күтілуде.

Өндірістік парктің аумағында бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Атап айтқанда, «EL KZ-2020» ЖШС-ның су мұнараларына арналған құбырлар өндіру зауыты, «BSS Express» ЖШС-ның термопанельдер, кафель және бетон бұйымдарын шығаратын өндіріс орны, «Нұрғазы» ЖК-ның көкөніс пен ет өнімдерін сақтауға арналған заманауи тоңазытқыш кешені, «Жайлимшиева Сәуле» ЖК-ның мұзқант (набат) өндіру цехы және «Данияр» ЖК-ның полиэтилен қапшықтарын өндіретін цехтары іске асатын болады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында тиісті меморандумдар түзілген.

Сонымен қатар, өндірістік парк жобасы аудан экономикасын әртараптандыруға және жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін маңызды бастама ретінде қарастырылуда. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы шағын және орта бизнестің белсенділігін арттырып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымдық жұмыстармен қатар, жобаны іске асыру барысында инженерлік желілерді толық тарту және өндіріс нысандарын қажетті коммуникациялармен қамтамасыз ету мәселесі де назарда тұр. Бұл кәсіпорындардың тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды.

Мамандардың айтуынша, мұндай өндірістік алаңдар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және жергілікті шикізатты тиімді пайдалану арқылы қосымша құн қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ауданның экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады. Жалпы алғанда, Мақтаарал ауданында жүзеге асырылып жатқан өндірістік парк құрылысы өңірдің индустриялық дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал етпек.

Қатысты жаңалықтар

ЕҢБЕК АДАМЫ – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ 

azatmedia

ТҮРКІСТАН: «АТА ЗАҢ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ» ҰЛТТЫҚ ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЫН ОРЫНДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАНДА ЖУЫРДА ЗАМАНАУИ ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

azatmedia