ТҮРКІСТАН: «АТА ЗАҢ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ» ҰЛТТЫҚ ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЫН ОРЫНДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Биыл ҚР Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толады. Айтулы мерекеге орай, құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында маңызды қадам болып табылатын бұл заңның маңыздылығын тұрғындарға кеңінен түсіндіру мақсатында ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Осы жоспар аясында еліміздің барлық өңірінде іс-шаралар өтеді. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, Ата Заңның маңызын кеңінен түсіндіру шараларының өңірлерде жоғары деңгейде ұйымдастырылуы басты міндеттердің бірі болып отыр. Жауапты тұлғаларға осы жоспардағы іс-шараларды толықтыру, жұмысты жүйелеу жөнінде тапсырмалар берілді.
– «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шаралар жоспары аясындағы бастамалар мен іс-шараларды сапалы жүзеге асыруымыз керек. Бұл – елімізде азаматтардың құқықтарын қорғау, тұрақтылық пен әділеттілік принциптерін қалыптастырудың негізі. Осы бағытта жұмысты жүйелеп, нақтылаңыздар. Азаматтардың бойына Ата Заңымыздың мәні мен маңызын сіңіріп, Конституциямыздың тұрақтылық кепілі екенін түсіндіре білуіміз керек. Әр азаматтың құқығының қорғалуы – мемлекеттіміздің басты құндылығы. Тиісті жұмыстарды жандандыруды тапсырамын, – деді Ертай Алтаев.
Жиында жауапты басқарма басшыларының пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында өткізілетін іс-шаралардың тиімді әрі ауқымды болуына ерекше назар аударылуы керектігі айтылды. Тапсырмалар хаттамаға енгізілді. Конституцияның негізгі мәні мен халықтың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы нақты қадамдар талқыланып, жүзеге асыру жоспарлары нақтыланды.
Айта кетейік, «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» жоспары 30 іс-шарамен қамтылған, оның ішінде құқықтық білімді арттыру мен құқықтық мемлекетті қалыптастыруға арналған әртүрлі деңгейдегі шаралар да қарастырылған. Оның ішінде аймақтық, ғылыми-практикалық, ақпараттық-ағартушылық бағыттары бар. Бірқатарына тоқталсақ, құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелеріне, сондай-ақ, конституциялық құндылықтарды нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтарды салтанатты марапаттау, диалогтар, отырыс, конференциялар мен салтанатты қабылдау өткізу жоспарланған.
Сонымен бірге «Ата заң – тәуелсіз ел тұғыры» қалалық және ауылдық кітапханалар базасында мектеп экскурсияларын, ашық сабақтар, жоғары оқу орындарының студенттері арасында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары бойынша конкурстар өткізу межеленген. Бұл іс-шаралар жас ұрпақтың Конституцияға деген құрметін арттырып, оларды заңның негіздерімен таныстырады.
Қазіргі Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін нығайтуға, ананы, әке мен баланы, еңбек ету мен білім алу құқықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктерін құрметтеуге арналған интерактивті көше акцияларын және өзге де іс-шаралар өткізу көзделіп отыр. Бұл арқылы азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, Конституцияның құндылығын қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарына кеңінен жеткізу мақсат етілген.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен әрекеттері арқылы, барлық әлеуметтік деңгейде Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толуына орай ақпараттық кампаниялар жүргізіледі. Бұл бастамалар тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негіздерінің нығаюына үлкен үлес қосады.